Bugin
Павлодарда әйелін балалардың көзінше гантельмен өлімше етіп ұрған ер адам сотталды. Сотта жәбірленуші сотталушыға қатысты шағымы жоқ екенін айтты.
Іс материалы бойынша, былтыр 3 маусымда ішіп алған ер адам Амангелді көшесіндегі үйге, өзінің бұрынғы әйеліне келген. Екеуі сөзге келісіп қалып, 32 жастағы тұрғын қасақана өлтіру мақсатында жуынатын бөлмеден салмағы сегіз келі тартатын гантель алып шығып, әйелдің басынан екі рет ұрған. Ол ауыр жарақаттардан есінен танған әйелдің денесін басқа бөлмеге апарып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Дәрігерлер балалардың көз алдында өлім аузында жатқан әйелді уақтылы аман алып қалған.
Аталған іс облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында екі бап бойынша қаралды.
Сотта жәбірленуші сотталушымен келісімге келгендіктен, бұрынғы күйеуіне аяушылық танытып, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал сотталушы мен оның адвокаты бұл қылмысты 106-баптың 1-бөлігіне "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге" ауыстырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған еді.
"Сот жасалған қылмыстың ауырлығын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, ер адамға ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - деп хабарлады қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енбеді.
Зардап шеккен әйел мүгедек болып қалған.