Bugin
Өскемен қаласында 8 жастағы бала жалғыз қалған үйде өрт шығып, көршісі мен полицей көмекке келді.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін Өскемендегі Виноградов көшесінде орналасқан көпқабатты үйден өрт шыққан.
9-шы қабаттағы пәтердің балконы отқа оранды. Сол кезде үйде 8 жастағы бала жалғыз отырған. Осы маңда келе жатқан полиция қызметкері Жандос Рахметұлы мен көрші тұратын Думан Рахымбаев өртті байқап, бірден көмекке ұмтылды.
"Олар пәтерге кіріп, өртті өз күшімен сөндіре бастады. Арасында өрт сөндірушілерді де шақырып үлгерген. Оқиға орнына жылдам келген ТЖД қызметкерлері 4 шаршы метрге жайылған тілсіз жауды ауыздықтады", - делінген хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша, қызыл жалынның шығу себебі – кондиционерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау. Отпен күреске барлығы 7 техника мен 22 адам жұмылдырылды.