Bugin

Абай облысында 57 жылқы суға батып өлді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жылқылардың жаппай уланғанына қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсінік берді.

"Әлеуметтік желілерде Абай облысы, Жарма ауданының Қойтас ауылында жылқылар жаппай уланғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Облыстық ветеринария басқармасының және жылқы иесінің мәліметінше, бұл оқиға былтыр болған. Сол кезде жылқылар шұңқырға түсіп, үйір астында тапталып, суға батып кеткен", - делінген әкімдік мәліметінде.

"Тайлақ" шаруа қожалығының иесі Олжас Ерсіновтің айтуынша, жылқылар алтын қазушылардың кесірінен өлген.

"Біздің қыстақ Жарма ауданында болғанымен, жайлауымыз Көкпекті ауданында. Соған 21 жыл бойы бір жолмен апарамыз. Бірақ, алтын қазушылар Қойтас ауылының жанындағы өзеннің жағасын ауыр техникамен қазып тастағаны соншалық, үлкен жыралар пайда болды. Өзенді өтемін деген мың жылқы сол жыраларда кептеліп қалып, 57 жылқы суға батып кетті", - дейді Олжас Ерсінов.

Шаруашылық иесі Жарма ауданы, Қойтас ауылының маңындағы өзенде алтын өндірушілерге қатысты жергілікті халықтың наразылын жеткізген.

"Жергілікті халық өзеннің бойындағы жыраларды жауып, жағасын қалыпқа келтіруді сұрап отыр. Бұл жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасымен облыстық прокуратура, полиция және экология департаментінің өкілдері арнайы тексеріс жүргізуге ауданға жіберілді. Тексерістің нәтижесі туралы қосымша ақпарат беріледі", - деп нақтылады облыс әкімдігінен.