Bugin
Қызылорданың Шиелі ауданындағы "Сыр ұланы" лагерінде демалып жатқан балаларға берілетін азық-түлік ескі дәретхана бөлмесінде сақталған. Бұл кемшілікті қызылордалық прокурорлар тексеру кезінде анықтады. Кезінде әжетхана болған бөлме бүгінде шағын қоймаға айналған.
Ал Қазалы ауданындағы «Шағала» лагерінде балалар лас суға шомылып, санитарлық талаптарға сай келмейтін асханада тамақтанған. Сырдария ауданында орналасқан «Жалын» демалыс орынының тынығушылары да лас төсек-жабдықтарын пайдаланып келген.
Жекелеген лагерлердің жағдайы нашар. Қазіргі уақытта уәкілетті органдардың қорытындылары күтілуде. Олардың қорытындыларымен тиісті шаралар қабылданатын болады, - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Әділ Есқараев.
Қостанай облысындағы жазғы демалыс орындарында жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмек пен азық-түлік өнімдері анықталды. Лагерь аумағында жарақат алу қаупі жоғары жерлер бар. Ал шайындыларды зерттеу нәтижесі ішек таяқшасы тобының бактериялары болғанын көрсетіпті. Тіпті лагерьдің біріндегі әкімшілік бөлмесінен спирттік ішімдіктер табылған. Тіпті лагерь ғимаратында сауна болған.
Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша 6-7 тамыз күні саунаны бұзу жұмыстары басталған. Балалар тамақтанатын орын мен сауна бір ғимаратта орналасқан. Тексеріс барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокуратура тиісті шара қолданады, - деді қоғамдық мүддені қорғау басқармасының прокуроры Нұрсұлтан Сатыбалдин.
Бұған дейін Алматыда лагерьге жіберілген оқушыларды сауна аумағына орналастырғаны туралы жазған болатынбыз.