Bugin

"Жасырын нұсқау": Нұрқаділов соңғы сұқбатында қандай сырын айтты?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2005 жылдың 12 қарашасында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов үйінен өлі күйінде табылды. Мүйізі қарағайдай азаматтың өлімі халыққа ауыр тигені анық. Қайраткер туралы қызықты дерек ұсынамыз.

Артынан сөз ерген әкім

Ол Алматы қаласы мен Алматы (Талдықорған) облысының әкімі, Мәжіліс депутаты, Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы қызметтерін атқарды.

Оны халық тірі кезінде-ақ "батыр адам" деп таныды. Себебі, қоғамдық ортада ашық пікір білдіріп, үнемі артынан "сөз еретін" санаулы шенеуніктің бірі де осы – Заманбек Нұрқаділов еді.

Бұрынғы жұбайымен ажырасып, әнші Мақпал Жүнісовамен отасқаннан кейін, БАҚ беттерінде Қалабайұлы туралы әртүрлі әңгіме үдей түсті.

Оны сынаушылар, "әкім болуға лайық емес" деп, мін тағушылар да табылатын. Олардың пікірі негізінен "жұмысқа қыры жоқ, экономикалық реформаларды жүргізуге қауқарсыз, қарапайым халық тірлігінен жырақ", деген сарында өрбитін.

Бір жылдары жұбайымен бірге ән салып, сахнадан да көрінді. Оны жағалаған әншілер мен мәдениет саласының адамдары мақтап, "мәрт, жомарт" адам ретінде сипаттаумен болды. Онымен жақын араласқан адамдардың көбі жастайынан қараша жұрт арасында өскен саясаткердің өте қарапайым, бірақ мінезі қыңыр, алған бетінен қайтпайтын, бірбеткей болғанын айтады.

Мафия да сескенетін

Жақындарының пікірінше, 1990 жылдардың басында елімізді қаржылық қиыншылық бүрген тұста, ел арасында түрлі бандиттік топтар көбейген.

Заманбек Нұрқаділов ол жылдары Алматы қаласының әкімі еді.

Алматыға шоғырланған мафиозилардың көбі Заманбектен сескенетін.

Зәкеңнің өзі де маңайына беделді жігіттерді топтастырып, қоғамдық тәртіпті сақтауға күш салғанын айтушылар да бар.

Кейбір әңгімелерде 1990 жылдары Қазақстанда ғана емес, ТМД көлемінде аты мәлім болған қылмыстық топтардың басшыларымен Заманбектің қарым-қатынасы өте жақын болғаны жөнінде айтылады. Оны "батырлардың серкесі" деп сипаттайтындар да жоқ емес.

Бірақ мафия басшыларының көбі түрлі жағдайларда қаза құшып, тазартылған соң, Заманбек Нұрқаділовтің саяси ықпалы әлсіреді деп санайтындар да бар.

Алматының қазағын көбейткен

Марқұм Заманбек Нұрқаділов өлерінен бірер күн бұрын өз үйінде "Алматы ақшамы" газетінің тілшісіне сұхбат берген (Сұхбатты газеттің сол кездегі тілшісі Думан Анаш алған). Бұл оның соңғы сұхбаты болатын.

Алматыны басқарған тұлғалар туралы желілес мақалалар берген газеттің өтінішіне келіскен ол, қазақтың нән шаһарының әкімі болған жылдары туралы әрі өзінің өмірі, өнер жайындағы көзқарастарымен бөліскен.

Сол сұхбатында ол Кеңес одағы кезінде Алматыдағы қазақтың саны 20 пайыздан аспауы керек деген жасырын нұсқаудың болғанын, бұл заңсыздыққа өзінің заңсыздықпен жауап бергенін айтады.

Өзінің дерегінше, әкім болып тұрған жылдары Алматы қаласындағы қазақ санын 20 пайыздан 40 пайызға жеткізген.

2006 жылы айтулы шуға айналған Бақай, Шаңырақ оқиғасы кезінде бұл ауылдарды Заманбек тұрғызғаны жайында да айтылды.

Қазақтың қалаға көшуіне мүмкіндік туғызып, бос жатқан жерлерді қарапайым халыққа үлестіру, тіпті, заңсыз басып алуға жасырын рұқсат беруге осы Қалабайұлының мұрындық болғанын айтатындар көп.

Заманбек Алматы қаласының әкімі болған жылдары қала көшелеріне қазақтың таңдаулы тұлғаларының атын беру, қаланы қазақыландыру үрдісі жүргенін, әсіресе, мәдениет қайраткерлеріне баспана беріп, зор қолдау танытқанын, Кореядан келген бір банкирді елден бір күнде аластап, ол салған үйлерді ақын-жазушы, әншілерге тегін таратқанын аңыз ғып айтатындар әлі де бар.

Жұмбақ өлімнің сыры қашан ашылады?

Баспасөз өкілдері бұл сұрақты әлі де қаузап келеді. "Отбасылық кикілжіңнің кесірінен өз өзіне қол жұмсаған" деген тергеушілердің тоқтамына сенбейтін жұртшылықтың қарасы мол.

Саясаткердің жесірі Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің жақсылығын көргендердің өзі қазір теріс айналып, ол кісіні ұмытып кеткендеріне өкпелі.

Бұрнағы жылдары туған күні мен қайтыс болған күнінде жиналатын оппозиция серкелері де қазір баруын сиреткен.

Ал биліктегі бұрынғы әріптестері тірі кезінде ара-тұра хал-жағдай сұрасқандарымен, қайтыс болған соң, мүлдем "жырақтап" кеткендерін айтады.

"Мен оларға өкпелемеймін. Бұл дүние кімнің басында мәңгілік тұрар дейсің. Тек Зәкеңнің есімін ұрпақ жадында жаңғыртудан неге сескенетіндеріне таңмын", – дейді М. Жүнісова.

 

Мақала: Dalanews.kz сайтынан ықшамдалып алынды