Bugin

Павлодарда 16 жастағы қызды зорлаған күдіктілерге сот үкімі шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Павлодар облысында қызды бірнеше адам болып зорлау қылмысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық жағдайда қаралды.

Павлодар облысының 19, 22 және 24 жастағы үш тұрғынына 16 жастағы қызды зорлады деген айып тағылды. Барлығы да Ертіс ауданының тумасы.

Сот шешімімен 19 жастағы айыпталушы қызды зорлағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына педагогикалық қызметпен айналыса алмайды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге құқы жоқ. Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушіге моральдық зиянның өтемақысы ретінде 8 миллион теңге өндіріліп алынады.

Қалған екі айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылды. Олар төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаларын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім күшіне енгенге дейін «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.

«С. және К.-ға қатысты балама жаза тағайындау және бұлтартпау шараларын қарастыра отырып, сот олардың түзелуі қоғамнан оқшауланған жағдайда ғана мүмкін деп шешті. Қыз секіріп кетті. Сіздер ештеңе болмағандай қылмыс орнынан қашып кеттіңіздер. Кінәні ішінара мойындасаңыз да, жедел жәрдем шақырған жоқсыз. Көмек болған жоқ. Барлық іс-әрекеттеріңіз осындай жазаға әкеп соқтырды», – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрешісі Бақыт Нұрланов.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, былтырғы жылдың шілде айында 16 жастағы қыз бала туған күнге барып, отырыстан кейін өзінің әпкесіне үйіне қонуға шыққан. Жолда адасып, әпкесінің таныстарын кездестірген. Олар оған такси шақырып үйге жеткіземіз деп уәде берген. Алайда үш жігіт жасөспірім қызды алдап, пәтерге кіргізген. Жасөспірім қыз зорланған. Кейін ол 10-шы қабаттан секіріп кеткен. Ағаштардың үстіне құлағандықтан аман қалған, алайда қатты зардап шеккен. Бірнеше ай бойы ауруханада жатты. Екі күдікті былтырғы жылдың шілде айында, ал үшінші күдікті қаңтарда қамауға алынды.