Bugin
Наурыз айында Корея Республикасына кіруге рұқсаты болмаған екі қазақстандық Инчхон халықаралық әуежайынан қашып кеткен болатын.
Қазақстандықтар 3 ай қамауда болған. Ал бүгін, 10 тамызда олардың елге қайтарылатыны туралы белгілі болды.
Қоғамдастықтың хабарлауынша, 25 наурыз күні Инчхон әуежайындағы биіктігі 3.6 метр қоршаудан асып, заңсыз қашып кеткен екі қазақстандық елге оралатын болды. Ведомство ақпаратынша, сот үкіміне сәйкес, қазақстандықтарға айыппұл салынып, олар елге жіберіледі.
"Екеуі де кінәсін мойындап, туған жерінен отбасын асырау үшін жұмысқа ұшып келгендерін айтқан. Оңтүстік Корея полициясы оларды шекараны заңсыз кесіп өтіп, кашып кетті деп айыптады. Екеуі де өз кінәсін толық мойындап, тергеу уақытында 3 ай қамауда болды. Отандастарымыз жақын уакытта елге қайтарылады", - делінген хабарламада.
Бұл ретте кореялық сотта қазақстандықтардың мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеев Instagram-дағы парақшасында бұл ақпаратты растады.
"Бұл Қазақстанның тағы бір халықаралық беделді жеңісі. Енді Кореядағы екі жігіт 3 жылға түрмеге тоғытылмай, айыппұл төлеп, елге қайтатын болды. Барлық мақтау, мадақтау Аллаға тән. Мен тек себепшімін", - деп атап өтті заңгер.