Bugin
Қызылордада полицейлерді көліктің капотына салып, сүйреген жігіттің видеосы тарады. 8 тамызда Жаңақорған аудандық ІІБ патрульдік полиция тобының екі инспекторы жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатқан.
Полицейлер заң аясында жүргізушіден көліктен түсіп, құжаттарын көрсетуді сұраған. Алайда ол заңды талапқа бағынбай, оқиға орнынан кетіп қалмақ болған.
22 жастағы жүргізуші өзін өте агрессивті ұстап, полицейлердің талаптарына жауап бермеген. Сонымен қатар ол көлігінің мемлекеттік нөмірлерін алып тастаған. Полицейлерді көлігінің капотына салып жарты шақырымға сүйреп апарған. Нәтижесінде полиция қызметкерлері әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алды.
"Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлік айып тұрағына қойылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес билік өкіліне немесе оның туыстарына өзінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны немесе күш қолданамын деп қорқытқаны үшін күдікті екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деді Қызылорда облысының полиция департаментінің бастығы Махсудхан Әбләзімов.