Экономика

Ұлттық банк баға тұрақты болуы үшін арнайы шара қабылдады

Ұлттық Банк баға тұрақтылығын және қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан Ұлттық Банкі баға тұрақтылығын және қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайтын болады. Бұл туралы қаржы реттегіш ұйымның өкілдері мәлімдеді.

Банктегілердің мәліметінше, ақша-кредит және салық-бюджет саясатының үйлесімділігі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, сондықтан Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР Үкіметімен бірлесе отырып, елдің экономикасын дамытуға арналған жаңартылған болжамдарды келісті. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов ҚР Парламенті Сенатының отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді.

Ол Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметіндегі негізгі мақсат баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияны белгіленген нысаналы ауқымда сақтау екендігін атап өтті.

"Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1 пайызға дейін төмендеді. Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауынша, 2018 жылы инфляция 5-7 пайыз нысаналы дәлізде қалады, ал 2019 жылы ол 4-6 пайыз дәлізінің жоғары шегіне жуық қалыптасуға тиіс.

Ол депутаттарға 15 қазаннан бастап базалық мөлшерлеме 9 пайыздан 9,25 пайызға дейін көтерілгенін еске салды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді.

"Жылдың басынан бастап 23 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 8,7 пайызға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 361,15 теңгені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының нығаюы. Екінші фактор - Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі қатаңдату туралы хабарлау", - деп түсіндірді Ахметов.

 Оның айтуынша, Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері қыркүйектің соңында алдын ала деректер бойынша 30 миллиард АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері - 56,3 миллиард АҚШ доллар. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 миллиард АҚШ доллары болды.

"2018 жылдың 8 айында депозиттер 1 пайызға 17,7 триллион теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 4,1 пайыз немесе 380 млиард теңгені құрды. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5 пайызға немесе 210 млрд теңгеге төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 46 пайызға дейін төмендеді. Кредиттеу нарығы қалпына келуде. Жыл басынан бері банктердің кредиттерітамыздың соңында 2,5 пайызға 13 триллион теңгеге дейін ұлғайды", - деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

Ол қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 11,6 пайызға немесе 1,3 триллион теңгеге бағаланғанын атап өтті. Ағымдағы жылдың 8 айында жаңа кредиттер беру 28,1 пайызға немесе 1,9 триллион теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2 пайыздан 2018 жылғы тамызда 12,2 пайызға дейін төмендеді", - деді Ахметов. 

Сөзін қорытындылай келе Ахметов қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан Ұлттық Банкі ҚР Үкіметімен және банктермен бірлесе отырып, өтімділікті беру тетіктерін жедел пысықтауға дайын екендігін айтты.

 "Қазақстан Ұлттық Банкі республикалық бюджеттің өлшемдерін қолдайды және баға тұрақтылығын және қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды", - деп қорытындылады Ахметов.

Дереккөз: Tengrinews.kz