Саясат

«Атырау» әуежайындағы жағдайдан кейін еліміздегі барлық әуежай тексеріледі

Зардап шеккен әйелдің жағдайы қанағаттанарлық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өткен жұмада Атырау халықаралық әуежайында полиция қызметкері абайсызда әйел адамды жарақаттап алды. Осы жағдайдан кейін ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің басшысының орынбасары Марат Әлкенов Атырауға ұшып келген болатын. Демалыс күні болғанына қарамастан, М.Әлкенов журналистермен кездесті. Атырауға Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша зардап шеккен әйелге бару үшін келгенін айтты.

– Зардап шеккен әйелдің жағдайы қанағаттанарлық. Дүйсенбі күні МРТ-ға жіберіледі. Тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылданады. Операция болмайды, – деді ол.

Қазір зардап шеккен тұрғын ақылы палатаға ауыстырылды. Егер медициналық бөлім бойынша қосымша дәрі-дәрмектер немесе тексерулер қажет болса, онда бұл жағдайда полиция департаменті тарапынан оған толық көмек көрсетіледі.

Бұл оқиғадан кейін әйелді кездейсоқ жаралаған полиция қызметкері, әуежайдағы жол полициясы басқармасының басшысы, сондай-ақ, Атырау қаласындағы көліктік бақылау департаменті бастығының орынбасары және көлік басқармасы басшығының орынбасары жұмыстан босатылды.

Айта кетейік, брифинг барысында әуежайда әйел адамды абайсызда жарақаттап алған полицей 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы өрттен алты адамды құтқарған екен. Сонымен қатар ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

– Қазір біз бүкіл республика бойынша қару-жарақты тексеруге арналған барлық бөлмелерді, олардың қай жай-күйін, онда қоршаулар бар-жоғын, онда қандай қабырғалар бар-жоғын тексере бастадық, – деді Марат Әлкенов.