Bugin

Шымкенттің гүл дүкеніндегі оқиға: экс-полицейдің жанында болған шенеунік сөгіс алды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкенттегі Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды қаладағы гүл дүкенінде болған атышулы оқиғадан кейін қатаң сөгіс алды.

Шымкенттегі мемлекеттік қызмет департаментінің ресми мәлімдемесінде Елқондының қоғамда резонанс тудырып, сынға ұшыраған әрекеті этикаға сай келмейтіні және құпталмайтыны айтылған.

Департамент оған қатаң сөгіс беруді сұраған.

"Шымкент бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының 14 тамыздағы бұйрығымен Данияр Елқондыға "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер азаматтармен сыпайы қарым-қатынас орнатып, дөрекілікке, ар-намысты қорлауға, әдепсіздікке жол бермеуі керек", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде шымкенттік ер адамның дүкеннен гүл шоғын күштеп алып, сатушыны итеріп жібергені түсірілген видео тараған еді. Оқиға мамыр айында болған, бірақ видео жақында жария болды. Күш көрсеткен ер адам полиция қызметінен босатылған Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері болып шықты. Кейін видеодағы екінші қатысушының кім екені де анықталды. Ол Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды екен.