Bugin

Қаскелеңде өрттен кейін көпбалалы отбасы жертөледе тұрып жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы облысында үйі өртенген 3 отбасы қайда барарын білмей дал. Бастапқыда әкімдік оларды уақытша қонақүйге орналастырған. Бірақ арада 2 ай уақыт өткен соң мейманхана иесі оларды қуып шыққан көрінеді.

Галина Алексеева 5 баласымен спорт залдың жертөлесінде тұрып жатыр. Баспанасы 2 ай бұрын отқа оранған. Оның өзін жалдап тұрыпты. Оқыс жағдайдан кейін аудандық әкімдік 2 ай мерзімге уақытша қонақүйге орналастырған. Кейін мейманхана иесі «бізге ешкім ақша төлеген жоқ» деп шығарып салған көрінеді. Енді көшеде тентіреген отбасы қуықтай бөлмеде тұруға мәжбүр.

– Өрт қас қағым сәтте болды. Үйге алған жиһазымның бәрі күлге айналды. Дүние-мүлікті несиеге алған едік. Қазір ақшасын төлеп отырмыз. Бастапқыда әкімдік қызметкерлері «мәселе шешімін тапқанша, қонақүйде паналайсыңдар» деген. Бірақ сөзінен тайып отыр, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны Галина Алексеева.

Екі ай бұрын 4 әкімшілік ғимарат пен 3 жеке секторлы үй болған өрт құрсауында қалған. Аумағы 400 шаршы метрден асады. Айтып келмейтін апаттың неден болғаны әзірге белгісіз.

Ал әкімдік қызметкерлері қонақүйден оларды қуып шықпағанын айтты. Оның айтуынша, бірі жалдамалы пәтерге кеткен, енді бірі мейманханада жағдай жасалмағандықтан шыққан. Әкімнің айтуынша, жақында бұл отбасыларға арнайы ұсыныс айтылады.

– Меншік иесімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оны мен сізге айта алмаймын. Ол әзірге құпия, – дейді Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев.

Үш отбасы да өртті қасақана қойды ма деп күдіктенеді. Бірақ тергеу әлі жүріп жатыр. Ал жеке баспанасы өртенген тұрғындар болса, орнына басқа үй немесе өтемақысын өндіріп беруін талап етіп отыр.