Bugin
"Қазақстан" шахтасындағы өрттен зардап шеккен кеншілерді іздеу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Мамандар табылмай жатқан үш жұмысшының болуы мүмкін деген орындарын анықтады. Бұл туралы ЖШС Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский мәлім етті.
Оның айтуынша, кеншілерді іздестіру 4 бөлімшенің көмегімен түні бойы жүргізілген.
"Сонымен қатар Жанна өндірісінде өрт сөндіру жұмысы қатар жүрді. Қабылданған іс-шаралар негізінде төрт бағыт бойынша тау-кен қазбалары зерттелді", - деді Геннадий Силинский.
Іздеу шаралары 8 сағат 15 минутқа созылды, оның нәтижесінде тағы бір кеншінің денесі табылды. Қазір оны жер бетіне эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Екі бөлімшенің күшімен өртті сөндіру жұмысы жүргізілді. Негізгі конвейер көлбеуінің жалпы ұзындығы – 1990 метр. Бүгінде шамамен 40% төменнен жоғарыға өтті. Өндіріс аймағындағы өрт сөндіріліп, салқындатылды. Өрт ошағын жою бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта бұл өндірістің шамамен 40%-ы салқындатылған күйде. Жұмыс жалғасады. Кеншілер шыға алмай қалуы мүмкін екі аудан анықталды. Іздеу шараларын жалғастырамыз, қиынға соқса да барлау жүргіземіз, - деп толықтырды спикер.
Айта кетейік, "Қазақстан" шахтасында өрт кеше сағат 10:05-те тұтанды. Апат кезінде жер астында 227 кенші болған. 222 адам эвакуацияланды, 13 адам зардап шекті.