Bugin
Түнімен қызмет көрсететін мейрамхана мен бар және дәмханалар Алматы жұртын ұйқысын бұзады. Ал тыйылмайтын арыз-шағымнан бизнес өкілдері де зардап шегіп отыр.
Алматының Назарбаев даңғылындағы бар иелері "тамызда 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеп келдік" дейді. Себебі олар түнгі тыныштықты бұзған. Мұндай жауапкершілікті осы маңда 200 адамды жұмыспен қамтып отырған 15 шақты дәмхана арқалған. Олар азаматтардың шағымы асырап отырған жұмысымыздан айыра ма деп қорқады.
Ал екінші тарап, яғни тұрғындар бұл маңдағы у-шудың таңғы сағат 5:00-ге дейін тоқтамайтынын айтады. Дәмханаға келушілердің арасында төбелес те жиі болатын көрінеді. Көшеде тұрып дәрет сындыратындар тағы бар. Шағымын айтып, шешім іздеген азаматтар тым болмағанда мейрамханалардағы жұмыс уақытын сағат 23:00-ге дейін қысқартуды ұсынады. Немесе алкогольді ішімдіктерге мүлдем тоқтау салу қажет.
Қазақстан рестораторлары қауымдастығының өкілдері "іске прокуратураның араласуы қажет" деп санайды. Кей дәмханалардың жұмысы заңсыз болуы мүмкін. Әзірге қос тарап ортақ шешімге келген жоқ. Іс әлі де қаралатын болады.
Еске салайық, Алматыда "Маугли" балалардың табылғандығы туралы ақпарат берген едік.