Bugin
Биыл күзде Павлодар облысында 5244 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Алайда, олардың 38%-ы ғана қазақ сыныбына барады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық білім беру басқармасының дерегінше, 3250 баланың ата-анасы бүлдіршіндерін орыс сыныбына берген болса, 1994 бала қазақ сыныбына қабылданған. Бір қызығы, балаларын орысша оқытатындардың көбі қазақтар.
Олар, балабақшадағы қазақ топтарының аз екенін және орын тапшы болмағандықтан балақайларын орыс топтарына бергенін айтады. Әлбетте, балабақшада орысша тәрбиеленген соң мектепке де орыс сыныбына береді.
"Ойланатын, тіпті дабыл қағатын жағдай. Бұған дейін де қазақ балабақшасында орын болмай, ата-аналар балаларын орыс тобына беруге мәжбүр екенін көтергенбіз. Павлодар қаласының білім беру бөлімінен қосымша қазақ топтар ашуды сұрадық. Мәселе әлі күнге оң шешімін таппады", - дейді Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында үш жасқа дейінгі бес мың балақай балабақша кезегінде тұр. Олардың мыңға жуығы әлі жасқа толмаған. Ал, Павлодар қаласында мектепке дейін білім беретін мекемелердің саны 85 болса оның 26-ы ғана мемлекеттік тілде тәрбие береді.