МӘДЕНИЕТ

"Террористің досы": 6 жыл АҚШ түрмесінде отырған қазақ жігіті кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ-тың Бостон қаласындағы жарылысқа байланысты 6 жылға сотталған Диас Қадырбаев 2018 жылдың күзінде Қазақстанға оралған. Бостон марафонындағы терракт кезінде арасы 12 секунд болған екі жарылыстың салдарынан 3 адам көз жұмып, 260 адам түрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің басым бөлігі қол-аяқтарынан айырылған.

Қадырбаевпен тағы бір қазақстандық Азамат Тәжаяқов оқиғаны тергеу кезінде АҚШ сот төрелігіне кедергі келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде Қадырбаев 6 жыл, Тәжаяқов 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Екі жігіт те ол кезде небәрі 19 жаста болады.

Бәрі қалай басталды?

Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов АҚШ-қа жоғары білім алу үшін аттанған. 11-сыныптан кейін емтихан тапсырып, Массачусест университетіне оқуға түскен. Сол жақта бір курста оқитын, өздерімен қатарлас Джохар Царнаевпен жақын араласып, дос болып кеткен. Тергеу кезінде айтылғанындай, Джохар достарының арасында беделді, ашық, әрқашан көмекке дайын болған. Бірақ университет қабырғасында есірткі сатумен айналысқаны көпшілігіне белгілі болған.

ФБР Джохар мен Тамерлан Царнаевтарды жарылысқа күдікті деп таныған соң бірнеше сағат өткеннен кейін Қадырбаев Царнаевпен хат алмасқан. Джохар Царнаев Қадырбаевтан Дартмуттағы Массачусетс университетіндегі жатақхана бөлмесінде қалған заттардан, оның ішінде компьютер мен рюкзактан құтылуын сұрайды. Кейіннен ФБР рюкзакты тауып алады. 2015 жылы Қадырбаевқа үкім шығару кезінде, ол өзінің ақымақтық жасағанын мойындайды.

Джохар Царнаев кім?

2013 жылдың 19 сәуірінде 19 жастағы Джохар мен оның 25 жастағы үлкен ағасы Тамерлан американдық барлау қызметтерінің қудалауына ұшырады. Бауырлар 2013 жылы 15 сәуірде Бостонда теракт ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, Джохар Царнаевты ұстау кезінде ол қарсылық көрсетіп, жараланып, Уотертаун қаласында (Бостон маңы) бірнеше сағат бойы жасырынған. 

2013 жылдың 22 сәуірінде Джохар Царнаев есін жиып, жазбаша куәлік бере бастады. Айтуынша, ол ағасы екеуі Йемендегі "Әл-Қаиданың" филиалы Inspire радикалды исламдық онлайн журналын оқу арқылы жарылғыш заттарды жасауды үйренген.

Джохар Царнаев спортпен айналысқан, сондай-ақ орыс, ағылшын және шешен тілдерін меңгерген.

Тергеу деректері бойынша, Джохар ағасын полицейлер қуып жетіп қалғанда жол талғамайтын көлікпен басып өлтіреді. Нәтижесінде үлкен ағасы Тамерлан ауруханаға жетпей, ішкі ағзалары қатты зардап шегіп, қайтыс болады.

Теракт ұйымдастыру кезінде Джохар Массачусетс Дартмут университетінің екінші курс студенті болған. Студенттік жатақханада тұрған. Тұтқынға алынар алдында қайыққа тығылып, жақын арада өлетініне күмәні болмаған Джохар бұл шабуылдың Ауғанстан мен Ирактағы мұсылмандардың америкалық сарбаздардың қолынан қаза тапқаны үшін кек алу екенін айтқан. Сондай-ақ ол ағасының өліміне өкінбейтінін, өйткені ол жанкешті сияқты жәннатқа баратынына сенетінін мәлімдейді. Қазіргі таңда Джохар өмір бойы бас бостандығынан айырылған.

Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев, Джохар Царнаев

Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев, Джохар Царнаев

Диас Қадырбаевтың сұхбаты

Лаңкестік оқиға 2013 жылы болғанымен, үкім тек 2015 жылы шығады. Қазақстандық екі жігіт үкім шыққанша 2 жылын АҚШ түрмесінде өткізеді. Осылайша, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған Азамат Тәжаяқов 2016 жылы, ал Диас Қадырбаев 2018 жылы елге оралды.

Түрмедегі жазасын өтеп келгеніне 5 жылға жуық уақыт болған Диас Қадырбаев жақында YouTube арнасындағы Қанат Бейсекеевтің "Замандас" подкасына қонақ болып, басынан өткен оқиғаларды баяндап берді. 

"Түрмеге түстім. Мені 6 адам жетектеп барып, камераға қамады. Жолай түрмеде жатқан басқа қылмыскерлер, қылмыс жасады деген күдіктілер "USA, USA, USA!" деп айқайлап қарсы алды. Олар мені Бостон терактісіне қатысым бар деп есептеп, наразылық білдірген түрлері болды.  Кейін білгенімдей, мені қамаған бөлме карцер екен. Аумағы 2х3 метр ғана, жоғарыда кішкентай терезе болды...

Алғашқы екі апта мен үшін ауыр өтті. Қорқынышты, елеске толы түс көрдім. Еңіреп жылаған кездерім де болды. Көктем болғандықтан, камера суық еді. Ішінде темірден жасалған кереует, әжетхана, су ағызатын кран ғана бар. Тамақты темір есіктің төмен жағындағы кішкентай ғана саңылаудан беретін. Осылайша, 2 жылдан астам уақытымды осындай аядай ғана камерада өткіздім", – деді  Диас Қадырбаев.

Диас АҚШ түрмесінде жазасын өтеп келген соң, Алматыға оралған. Бүгінде жарнама компаниясында қызмет етеді.