Bugin
Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары полиция департаменттерінің бұрынғы басшысы, генерал-майор Берік Біләловке алаяқтық жасады деп сотталды. Ол сотталған азаматты жауапкершіліктен босатамын деп жақындарынан 40 миллион теңге сұраған.
Деректерге сәйкес, 2021 жылдың ақпанында "Қазақстан темір жолы" Павлодар филиалы сигнализация және байланыс дистанциясының бастығы Түсіпов қамауға алынған. Оның әйелі туыстарынан күйеуін қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесетін адамды тауып беруін сұраған.
Сол жылдың наурыз айында аталған азаматтың туысы Біләловке хабарласқан. Ал Біләлов қажетті байланыстары бар екенін сендіріп, қызметі үшін 40 миллион теңге сұраған. Мамыр айында тұтқындалған азаматтың әйелі ақшаны туысы арқылы генералға аударған.
Біләлов өз кінәсін толық мойындаған жоқ.
Сот генералды кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым атқару құқығынан айырды. Сонымен қатар жалпы тәртіптегі колонияда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Біләлов сот залында қамауға алынды. Одан бөлек, Біләлов 2-дәрежелі "Даңқ" орденінен және полиция генерал-майоры арнайы атағынан айырылды.