Weekend
Торғайдан Созаққа дейінгі бес күндік жол
Шыңғыс ұрпағы, Қасым төренің ұлы Кенесары хан 4 мың қолмен Торғайдан Созақты алуға аттаныпты. Тек Шұңқыр құдық түбінде ат шалдырған әскерінің арасында дизентерия ауруы пайда болуыныі кесірінен 2 мың жауынгері ұрысқа қатынаса алмаған, оның орнына Жанқожа батыр екі мың әскерімен келіп қосылыпты.
Осы бір жорықта Кенесарының зеңбіректі, атты, жаяулы, түйелі төрт мың қолының орта жолда Бетпақдала мен Қарақұмды басып өтіп, Созаққа қалай бес күнде жеткені әлі күнге дейін естіген адамды таңырқатады.
Бір жеті емес, бес күннің ішінде Кенесарының жетінші сентябрь күні Ұлытау маңында болғаны хақ... Ал он екінші сентябрь күні ол аурудан сау қалған әскерімен Созақтан бір-ақ шықты. Кенесарының күшінің өзі осы шапшаңдығында, құлан, киік секілді туған даласының ой-шұқырын жақсы білетіндігінде.
(генерал майор В.Ф.Генс)
Бұл жолы Кенесары Алашаханның бұдан төрт жүз жыл бұрын салған ескі сүрлеуімен жүріпті.
– Ол бұл жорыққа басшы етіп Арқаның батырларын емес, құм кешіп үйренген Шөмекей, Табын, Төртқара руларының таңдаулы жігіттерін алған... Олар Қара Кеңгірдегі Алашахан мазарынан шығып, Ұлытаудан жүз отыз шақырымдай жердегі Қара Жарға келіп түнепті. Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын "Қыз моласы" деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты. Қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады... Сосын жиырма жеті шақырымдай жердегі мына Сарт моласынан сәл төменірек, Сарысудың Тасөткел деп аталатын тұсынан әскер арғы бетке өтіп бір түнепті... Таң ата қалың қол қайта көтеріліп Сарысудың сол жақ жағасымен жүріп отырып, отыз шақырымдай жерде тұратын Қара Қыпшақ бейітіне келіп тағы да ат шалдырыпты. Бұдан әрі көп кешікпей Көкжиде дейтін өркеш-өркеш құмды өңір басталады. Бұл арада тақыр сордағыдай емес, өркеш-өркеш шағылдардың арасындағы сай, ойпаттарда жүзген, жыңғыл, шеңгел, баялыш, сексеуіл өседі. Кей жерлерінде биіктігі бес сажындай жиде ағаштары да шоғырлана кездеседі. Анда-санда сұрғылт түстес кішкентай қояндар мен ирелеңдеген шағын сұр жыландар көзге түседі. Оқта-текте үйірімен айдаланы басына көтеріп сатырлай шапқан қара құйрықты да көруге болады. Осы шағылдардың арасындағы жерді құлаш бойы қазсаң, тұщы су шығады. Осы арамен Көкжиде қойнауынан отыз шақырымдай жердегі Жаман қорғанға (Қоқан хандарының қазақ жеріне салған алғашқы қорғаны-авт.) жетесің... Осы Жаман қорғанда бір түнеп Кенесары қолы әрі қарай жүріпті. Бархандар бұдан әрі кішірейе түседі, бірақ мал оты жоқтың қасы. Қазсаң әлі де тұщы су шығады. Жаман қорғаннан Сарысудың сол жағын жағалай Қызыл жыңғыл арқылы отыз бес шақырымдай жер өткеннен кейін Сандыбайға өштесіп Қара Кеңгірден көшіп кеткен Бәтеш батырдың Телікөлдегі қыстауының үстінен шығасың. Осы қыстаудан кейін, жаз-ғы-тұрымғы қар суынан ғана пайда болатын, Сарысуға құятын, Боқтықарын деген жылға кездеседі. Егер соның құмайтты жағасымен жүріп отырсаң, қырық шақырымдай жердегі Айнамкөл деп аталатын көгал шөпті, қамысты Қарасуға кездесесің. Одан әрі қарай Бетпақдала басталады. Жаман қорған мен Бәтеш қыстауының арасында мынау Шұңқыр құдық деп аталатын үш құдық жатыр. Бұл құдықтардың суы тұщы, мөлдір, бірақ ішінде шылау шөп көп. Оларда түрлі микробтар, инфузориялар бар. Байтабын батыр бастап келе жатқан қол ыстыққа шыдай алмай осы құдықтарға тоқтап су ішкен екен, шетінен ауырыпты... Ауырған әскерінің көбін Қызыл жыңғыл бойына қыстауға келген Найманның Бағаналы еліне Кенесары қалдырып кетіпті.
– Бетпақдала алыстан қараған адамға, жан-жағынан он бес сажындай биіктене көтеріліп бір тұтасқан қызыл күрең жар секілденіп көрінеді. Алғашқы көрген кісіге ол бір түрлі суық, сұсты... Тек ішіне кіргенде ғана аздап көңілің орныққандай болады. Сөйтсе де ұшы-қиыры жоқ тақыр адамның зәресін алмай қоймайды... Осындай ешбір өсімдігі жоқ құм мен тақырды басып жүріп отырсаң жетпіс шақырымдай өткенде Терісаққан деген суы құмға сіңіп кеткен сайға кездесесің. Одан жиырма шақырымдай жерде алдыңда Айдарлы құм сайы жатады. Бұл арада ошаған, түйе жапырақ секілді аздаған өсімдік кездеседі. Дәл осы жерде Шыңырау деп аталатын терең құдық бар. Суы мол. Бірақ Кенесары әскері бұл араға кідірмей, болдыра бастаған аттарына түркмендерше қойдың құйрығын жегізіп...
...Олар жүз атқа жүз қой таңып алып жүріпті... Содан Бетпақдаланы көктей жүз жиырма шақырымдай жер өткенде көлденеңдей кездесетін Шу өзенінің Бесқұлан деп аталатын өткеліне келіп тоқтапты. Ар жағында Сырдария жері. Бірақ әлі де құм, әлі де тақыр. Суы ащы, шөбі аз. Бесқұланнан он алты шақырымдай жерде Ақжайықтан көлі бар. Бұ да ащы көл. Одан Иней мен Құлан қабақ адырларын басып отырып он жеті — он сегіз шақырымдай жердегі мына Қосқұдыққа келесің. Бұның да суы ащы, шөбі мардымсыз. Қосқұдықтан отыз шақырым барханды құмды басып отырып, мына сусыз Шұбар деген сайдың бойындағы Жаманқұдыққа жетесің. Бұның суы сәл тұщылау, бірақ түйе болмаса жылқы ішуге келмейді. Бұдан жиырма бес шақырымдай жерде Берді би моласы бар. Бұл арада тұщы сулы кішкентай сай бар. Жағасында азын-аулақ өсімдік те жоқ емес. Кенесары қолы Бесқұлан өткелінен кейін кідірмей жүріп отырып, тоқсан шақырым құмды, шөлді жерді күннің ыстығына қарамай бір-ақ күнде алған. Осы кейде Берді би моласы, кейде Құл деп аталатын сайда ат шалдырып, өздері түні бойы тынығып, таң ата ар жағында жиырма бес шақырым жердегі Созақтың түбінен бір-ақ шыққан. Күн шықпай бекіністі қоршап алыпты. Созақ датқасы Бабажан тіпті қаннен-қаперсіз жатса керек, бір нөкері келіп «жау келіп қалды, тұрыңыз!» десе, «Созаққа Кенесарыдан бөтен жан бата алмайды. Кенесары қайда, Созақ қайда!» деп жауап беріпті. Нөкері: «Келген сол Кенесарының өзі!» — десе, «Шырағым, жылағысы келген бала әкесінің сақалымен ойнайды. Ұлытауда хандығын тойлап жатқан Кенесары құс болып ұшып келмесе, қайдан келеді, ойыныңды қой!» – деп ақырыпты.