Bugin
Астанадағы Kaspi филиалында адамдарды кепілге алу ісі бойынша күдікке ілінген Әлихан Мурадов өз әрекетін түсінген. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша оның есі дұрыс деп танылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы елордалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
ПД-нің мәліметінше, Мурадовқа қатысты соталды тергеу биылғы 6 тамызда аяқталды. Барлық қатысушы іс материалдарымен танысқан. Прокурор күдіктіге қатысты айыптау үкіміне 15 тамызда қол қойып, іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
"Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, тұлғаның есі дұрыс деп танылды", - деп қосты полицейлер.
Тергеу барысында полицейлер Әлихан Мурадовтың жалғыз әрекет еткенін анықтаған.
"Бұл қылмысқа басқа адамдардың қатыстылығы анықталмады", - деді полиция департаментіндегілер.
Бұған дейін Мурадовтың не қылмыстық, не әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны да белгілі. 2013 жылы наркологиялық диспансерде есепте тұрған.
Қазіргі уақытта Мурадов Астана қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №64 мекемесінде қамауда отыр. Соталды тергеп-тексерудің өзге мәліметтері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.