Bugin
Қырғыз Президенті Садыр Жапаров өзін мадақтап, ат мінген қазақ ақынын сынға алған Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевқа өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Иә, бауырымыз Аманжол Әлтаевтың әлеуметтік желідегі үндеуін мен де оқыдым. Әрине, бұл ыңғайсыз үндеу болды. Ең алдымен "Елшіге де, әншіге де өлім жоқ" дейді. Елшілер өз жұмысын жасайды. Әншілер, тіпті ақындар өздеріне ыңғайлы жерде ән салады. Сын айтып ән салады, мадақтап ән салады, бірдеңе сұрау үшін ән салады. Одан кемшілік, саясат іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын Біржан Қалдыбаев қырғыздың жиені. Мен қазақтың жиенімін. Біз туысқанбыз. Бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Нооча қазақтың қызы еді. Үшіншіден, біз қырғыз-қазақша сөйлейтін халықпыз. Сол сәтте арғымақ сыйға тартпасам, ол маған бір кезде ән шырқайтын еді. "Нағашым жаяу жіберді, нағашымның бір арғымаққа әлі жоқ па? деп айтар еді. Ол жерге қатыспасам, сол ақынның әнін естімесем, әңгіме басқа болар еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, сіз жайсыз жағдайға тап болған жоқсыз", - деді Қырғыз Президенті Кабар ұлттық ақпарат агенттігіне берген пікірінде.
Садыр Жапаровтың айтуынша, қазақ ақынына тұлпар мінгізудің астарында ешқандай саясат жоқ.
"Айтыскер ақын жиенімнің сөзіне түсіп қалмас үшін ғана арғымақ сыйға тарттым. Ал енді мен Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін де білмеймін. Мен оны бұрын да танымайтынмын. Оны көше ақыны деп атаған. Қазір көше ақыны болса, ақыры қазақ қырғыз халқына белгілі ақын болып кетер? "Бесіктегі бала патша бола ма, кім білсін, құрсағындағы бала патша бола ма, кім білсін» дейді. Ол жас бала екен. Қолдау болса ақыры атақты ақын болып шығар. Қазақ пен қырғызды бізден басқа ешкім қолдамайды. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі әлемдік жағдай өткір. Қазақ пен қырғыздың арасына от салғысы келетін үшінші күштер әлі де жоқ емес. Біз мұндай адасушылықтан аулақ болуымыз керек. Арамыздағы тыныштықты сақтайық. Онсыз да ат төбеліндей ғана елміз", - деді Қырғызстан президенті.
Айта кетейік, қырғыз елінің басшысы 13 тамыз күні Ыстықкөлде көкбөріден клуб командалары арасында басталған I Әлем кубогының ашылуында Біржан Қалдыбаевқа ат мінгізетінін айтып, уәдесін орындаған еді.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Facebook парақшасында қазақ айтыс өнерінде Біржан Қалдыбаев деген ақынның жоқ екендігін жазып, сынға алды.
"Біржан деген інімнің мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік. Қырғыз елінің ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде қырғыз бауырлар екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумғы ережені сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз. Құстың қос қанатындай бауырлас едің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын. Біржан бауырымыз елге жеткенсін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын", - деді Аманжол Әлтаев.