Саясат
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне сұхбат берді
– Иә, мен үшін бұл елеулі, маңызды сапар болды.
Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер.
Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын.
Дархан Қыдырәлі: Рұқсат болса, алғашқы сұрақты жалғастыра кетсем. Сіз осы сапарыңызда қасиетті орындарға тағзым етіп, жұртшылыққа өзіңіздің ең басты ұстанымдарыңызды да жеткіздіңіз. Сол ұстанымдарды тарқатып айтып берсеңіз.
– Менің Түркістан облысына сапарым халқымыздың ұлық мейрамы Наурызбен тұспа-тұс келді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлем жұртшылығы Қазақстандағы аса жауапты, тарихи оқиғаның куәсі болды.
Нұртөре Жүсіп: Халықаралық сарапшылар билік тізгінінің бейбіт жағдайда берілуін Орталық Азия тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат тарихи оқиға деп жазып жатыр. Кейбір сарапшылар келешекте екіұдайылық орын ала ма деп қауіптенетін секілді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты.
Дархан Қыдырәлі: Сіз күні кеше облыс әкімдерімен өткен кеңесте әкімдерге халыққа жақын болуды, жұртты мазалаған мәселеге жедел жауап қайыруды тапсырдыңыз. Жалпы, елді бір ғимаратқа жинап, алдын ала сұрақтар дайындатып, есеп беру деген форматты да өзгертетін уақыт келген жоқ па?
– Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын.
Нұртөре Жүсіп: Сіз өз қызметіңізде Елбасының стратегиялық бағыт-бағдарын жалғастырудың маңызды екенін қадап айтып, осы тұрғыда жемқорлықпен күрес, әділеттілік туралы жиі айтып жүрсіз. Бұл – қоғам үшін аса қажет құндылықтар. Әсіресе, бүгінгі таңда. Ал осы құндылықтар енді мемлекеттік саясатта қалай көрініс таппақ?
– Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдық іргетас. Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті.
Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына осы бағытта нақты тапсырмалар бердім.
Жалпы, әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық. Ол жоғалған сәтте азаматтар арасында наразылық туындайды.
Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек деп санаймын. Нақтырақ айтсақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуы тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай заң шеңберінде жазалануы шарт.
Әсіресе, жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс жасауына теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз.
Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет.
Дархан Қыдырәлі: Nur Otan партиясының XVIII съезінде айтылған «Әлеуметтік қамқорлық» жобасын жалғастыру үшін Сіз бірқатар бастаманы белгіленген уақытынан бұрын орындауға тапсырма бердіңіз. Осы орайда, бюджет шығыстарын қайта қарап, мақсатсыз қаржы жұмсауды доғару керектігін айттыңыз. Жалпы, бюджет саясатындағы Қазақстанның басымдықтары қандай болмақ?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болған әлеуметтік бастамалар жалғаса береді. Оны жүзеге асыруға қажетті қаржы қарастырылды, тиісті шаралар легі айқындалды. Осыған дейін айтқанымдай, мен бірқатар бастамаларды межеленген мерзімінен ертерек қолға алуға тапсырма бердім.
Бюджет саясатында алдымызға қойылған нақты мақсаттар, жоспарлар бар. Мәселен, мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға, ұлттық қордың активтерін тұрақтандыруға және оны сақтау ісіне басымдық беріледі. Бұл орайда тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктедім.
Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі бірқатар даму бағдарламаларының табысты жүзеге асуына Ұлттық қор ерекше ықпал етті. Бюджетке кепілдендірілген және мақсатты трансферттерге Ұлттық қордан өте көп қаржы жұмсалды. Ендігі кезекте трансферттер көлемін біртіндеп азайтқан жөн. Қор қаражатын инвестициялау құрылымын жақсарту саясаты сауатты жүргізілуі керек. Ұлттық қордың игілігін көру – болашақ ұрпақтың еншісінде.
Дархан Қыдырәлі: Әлеуметтік блокқа республикалық бюджеттің 45 пайыз үлесі жұмсалады. Бұл қаражат салыстырмалы түрде аз емес. Әлеуметтік саясатты жетілдіруге және оңтайландыруға қатысты көзқарасыңызды білсек деп едік. Жалпы, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты не айтасыз?
– Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Біз, тіпті, экономикалық жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміздегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлдік қой.
Алдағы уақытта әлеуметтік салаға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын білесіздер. Аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады. Өңірлерге жасаған сапарымда мен облыстардағы баспана құрылысының жүргізілу барысын жіті қадағалайтын боламын. Еңбекақыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгерілету, демографияны дамыту, өңірлердегі инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты жұмыстардың бәрі жоспарлы түрде іске асырыла береді. Бұл – бұлжымайтын жоспар.
Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз.
Азаматтарды бірінші кезекте не толғандырады? Әрине, баспана мәселесі. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдер бұл іске биылғы мамырдан бастап кіріседі. Біз, алдымен әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаймыз. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерге назар аудару қажет. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы, яғни жылумен және сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, сондай-ақ жолдар, газдандыру мәселелері, экология және қауіпсіздік түйткілдері. «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары осы міндеттерді орындауға бағытталған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылып отыр.
Алайда, Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін ұғынуы тиіс. Бөлінген қаржы нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырдым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар өңірлердің экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуы қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің оннан астам түрін көрсетеді. Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен қамтамасыз ету, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3 пайызға жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қолданыстағы бюджет теңдестірілмеген және қайта форматтауды талап етеді. Бюджеттің толығу көздеріне жан-жақты сараптама жүргізілмейді. Екіншіден, бюджеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажетсіз, жөнсіз шығынға жол беріледі.
Сонымен қатар халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінгеніміз жөн. Біз бюджетке қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Мысалы, жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек.
Масылдық пиғылға да жол бермеуіміз керек. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау – бұл өз бизнесін жүргізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы.
Нұртөре Жүсіп: Жастар жылына байланысты Үкімет жас отбасыларды қолдау жөнінде бірнеше шара дайындап отыр. Өзіңіз былтыр твиттер арқылы «тағы қаптаған форумдар, имидждік жобаларды ұйымдастыруға жол бермейік» деп пікір білдірдіңіз. Жалпы, жастарды қолдау қай тұрғыда жүргенін қалайсыз?
– Тұңғыш Президент – Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастар туралы пікірімді жоғарыда да айттым, жас ұрпақты қолдап, қорғау – болашақты қорғау.
Елбасының пәрменімен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы ширек ғасыр уақытта ел жастарына әлемнің үздік оқу орындарының есігін ашып берді. Мемлекет оқимын, тоқимын деп талпынған жас азаматтар үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Осы сұхбатты пайдаланып, орта білім беру саласында үштілділік бағдарламасын жүзеге асырудың да маңызы зор екенін айтқым келеді. Ең алдымен, қазақ тілін және орыс тілін оқыту жүзеге асырылуы тиіс. Біздің балаларымыз үшін мұның мәні зор. Содан кейін ағылшын тілін үйретуге болады. Осылайша, біз болашаққа ашық көзбен қарайтын жаңа ұрпақты тәрбиелейміз.
Жастар саясатында, жастар тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрибелеу ісін де басты назарда ұстау керек.
Дархан Қыдырәлі: Президент ауысқанда Үкіметтің де өзгеру ықтималдығы жоғары. Қазіргі Үкімет осы құрамда қала ма, әлде қандай да бір кадрлық өзгерістер бола ма? Жалпы, маман таңдауда қандай қағидат ұстанасыз?
– Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Үкімет жақында ғана жасақталғаны белгілі. Қазір көптеген қауырт жұмыстар бар. Министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Съезд тапсырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады.
Дархан Қыдырәлі: Ел өзінің жаңа басшысын тек газет, теледидар, сайт арқылы ғана емес, тікелей көрсек, білсек, сұрақ қойсақ дейді. Осы орайда облыстарға, өңірлерге қаншалықты жиі шығасыз және алда қай аймақтарға баруды жоспарлап отырсыз?
Нұртөре Жүсіп: Тұңғыш Президентіміздің «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымы өзгермейді дейсіз ғой?
– Дәл солай. Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тарихқа аса көрнекті реформатор ретінде енді. Әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз – Елбасының жүргізген сарабдал саясатының жемісі. Сондықтан шетелдік сарапшылар бұл реформаларды «Қазақстан жолы» немесе «Дамудың қазақстандық үлгісі» деп атайды. Қазір біздің еліміз – Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір жетекші мемлекет. Даму жағынан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қатарындамыз.
Нұртөре Жүсіп: Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері әлемдік деңгейде көпвекторлы саясат жүргізді. Өзіңіз екі рет Сыртқы істер министрі ретінде осы саясатты жүзеге асырдыңыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы ахуал күрделі. Алдағы уақытта еліміздің сыртқы саясатында қандай бағыт ұстанбақсыз?
– Көпвекторлы саясат – Қазақстанның географиялық орналасуынан, геоэкономикасынан туындайды. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы осы жолды ұстанды. Бұл стратегияның нәтижесінде біз мемлекетаралық қақтығыстардан, аймақтық текетірестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде еліміздің сыртқы саясатының басымдығына айналды. Қазақстанды Азиядағы бейбітшілік платформасы деп айтуға толық негіз бар.
Дархан Қыдырәлі: Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы болған Пан Ги Мун кезінде Сіз туралы «Бұл қызметте ұзақ отырмай, еліңізге аса жауапты қызметке оралатыныңыз белгілі» деп жазған екен. Әлемдік деңгейдегі саясаткердің бұл болжамын көріпкелдік деуге бола ма?
– БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқару – менің дипломатиялық жұмыс тәжірибемдегі елеулі сәттердің бірі. Бұл – әлемдік проблемалар көтерілетін әрі шешімін табатын БҰҰ маңызды өкілдігі. Әрине, сол кездегі Бас хатшы Пан Ги Мунмен бірге жұмыс істеп, онымен тұрақты байланыста болу құрметіне ие болдым. Ол кісінің бұл сөзі тек маған ғана емес, бүкіл Қазақстан дипломатиясына берілген жоғары баға деп есептеймін. Себебі бұл саладағы мамандарымыздың бәрі – әлемдік деңгейдегі кәсіби дипломаттар. Былтыр еліміздің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы және әлемнің жүзден аса елдерімен бейбіт байланыс орнатуы осының айқын дәлелі.
Дархан Қыдырәлі: Сіз қашанда қазақ руханияты мен ұлт мәдениетіне жанашырлық танытып жүресіз. Қоғамда қазақ тілін дамытуға ерекше мән беріп келесіз. Елбасы 2020 жылға қарай елдегі барлық мектеп оқушыларының 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді деп айтқан еді. Жалпы, мемлекеттік тілді дамыту үшін қандай шаралар атқарылу керек деп ойлайсыз? Қазақ тілінің дамуына көңіліңіз тола ма?
– Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі.
Нұртөре Жүсіп: Латын графикасына көшу жөнінде бірқатар шаралар атқарылды, емле-ереже қабылданды. Ендігі қадам қалай болмақ?
– Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр.
Нұртөре Жүсіп: Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінез-қалыбын барынша өткір сынға алып еді. ХХІ ғасырдағы кердең мінезге нені жатқызар едіңіз?
– Даңғазалық, ысырапшылдық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет. Осы туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жаздым.
Д.ҚЫДЫРӘЛІ,
Н.ЖҮСІП