Bugin

Үйінің жанында асылып тұрған бойжеткен туралы тың дерек шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда бойжеткен есігінің алдында асылып тұрған күйде табылған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жасөспірімді "өзін-өзі өлтіруге жеткізу" бабымен бір жыл бойы тергелген қылмыстық іс жақында жабылған. Ал марқұмның анасы Айнагүл Бейісова қызым өз өмірін қимаған, ол кісі қолынан қайтыс болды деп есептейді.

Айтуынша, өзі жасатқан сараптама қорытындыларында Адельдің денесінде, басында жарақаттар болған. Тіпті киімінен қан іздері табылған. Сондықтан істі "адам өлтіру" бабы бойынша тергеуді талап етіп отыр.

Былтыр көктемде республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Адель Ақанова үйінің маңындағы ағашқа асылып тұрған жерінен табылған еді. Сыныптасына барамын деп үйден шыққан қызымның мәйітін көріп өз көзіме өзім сенбедім дейді марқұмның анасы Айнагүл Бейісова.

Полицейлер осы жағдайдан соң "өзін-өзі өлтіруге жеткізу" бабымен іс қозғап, бір жылдан соң суицид деп жапқан екен. Ал Айнагүл Бейісова қызымның кісі қолынан ажал құшқанына сенімдімін дейді. Айтуынша оған дәлелдері де жеткілікті. Тіпті Адельді біреудің өлтіргенін шетелдік мықты мамандар да растап берген екен.

“Ресейдің ең үздік сот сараптама орталықтары да, адвокаттары да бұл суицид болуы мүмкін емес деген қорытынды жасады. Мұны тіпті Нью-Йорктағы осы салада жүрген мамандар да растап отыр. Ал тек Алматының тергеушілері ғана қызымды өз-өзіне қол салды деп есептейді. Мен бұған таң қалдым. Неге десеңіздер, Адельдің денесінде түрлі жарақат болған. Тіпті басына да зақым келген”, – дейді марқұм Адель Ақанованың анасы Айнагүл Бейісова.

Айнагүлдің айтуынша тергеушілер куәгерлердің де айтқанын ескермеген. Қайғылы жағдай болған күні ағашқа асылып тұрған Адельді түсіріп, алғашқы көмек жасағандар да болды дейді. Бірақ сөйте тұра, сараптама орталығының қыздың денесінен бөтен адамның ДНҚ-сын таппағаны мүлде ақылға сыймайды деп қынжылды.

Ал полиция департаментінің өкілдері осы іске байланысты төрт рет сот-медициналық сараптама тағайындалғанын айтады.

“Төрт күрделі ауқымды сараптамалар тағайындалды. Бұл сараптамаға тәуелсіз мамандарды жұмылдырылды. Қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды. Бұл шешімнің заңдылығын тексеру үшін Бас прокуратура қылмыстық істі өздері зерделеп, шығарылған шешіммен келісті”, – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Өмірге өкпесі жоқ, болашаққа жоспары көп қызымның өзін ажалға қиюы мүмкін емес дейді анасы. Әрі тергеу кезінде күмәнді жайттар болса да, не үшін тергеп-тексеру амалдарының қысқартылғанын түсінбейді. Сондықтан Айнагүл Бейісова бұл жағдайға байланысты адам өлтіру бабымен қайтадан қылмыстық іс қозғалсын дейді. Ал істі Алматы полициясы емес, Ішкі істер министрлігінің мамандары жүргізсін деген талап қойып отыр.