Саясат
Кеше ерлікпен қаза тапқан атыраулық полицей Шалқар Ақымғалиев жиырма бес жасқа толар еді
Қайғылы оқиғадан кейін атыраулық еріктілер оқиға орын алған тұстан марқұмға арналған мемориалдық тақта немесе ескерткіш бой көтеруді ұсынды.
«Ақырғы нүктені Ақ Жайық қойған сол бір қайғылы түндегі оқиға жүректерден еш өшпек емес. Өмірінің соңына дейін Отан алдында адал болу жолындағы азаматтық антына берік болған Шалқар Ақымғалиевтың ерлігін мәңгілік ел есінде қалдыру үшін, оқиға орын алған тұстан марқұмға арналған мемориалдық тақта немесе ескерткіш бой көтеруі тиіс. Патриоттық рухтың, Отанға деген шынайы құрметтің қайталанбас үлгісін көрсеткен Шалқар Ақымғалиев ескерткіш болып елге оралуы тиіс. Себебі, бейбіт күннің батырының алдында біз мәңгілікке қарыздармыз» делінген еріктілер таратқан үндеуде.
Еске салайық, қайғылы жағдай 21 наурыз күні Атыраудағы орталық көпірдің маңында болған. Оқиға орнына бірінші болып жеткен патруль полициясының сержанты Шалқар Ақымғалиев бойжеткенді құтқарам деп өзенге түседі. Алайда өзі суға кетті.