Bugin
Көкшетау қаласының тұрғыны үйінен кетіп қалған 15 жастағы қызын тауып беруді өтініп, полицияға жүгінген. Көп ұзамай жасөспірім жалдамалы пәтерден табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция бөліміне 27 тамыз күні сағат 14:00 шамасында 15 жастағы қызын іздеуге көмектесу туралы өтінішпен жергілікті тұрғын арызданған.
Белгілі болғандай, жасөспірім бұған дейін бірнеше рет үйден шығып, түнде үйден тыс жерде болып, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін ювеналды полиция бөлімінде есепте тұрған.
Полицейлер жоғалған адамның қайда екенін анықтау үшін қыздың әлеуметтік желілердегі байланыстары мен профильдерін, сондай-ақ жасөспірімнің болуы мүмкін жерлері мен қозғалысын тексерді. Қаладағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттей келе жоғалған қызды досымен бірге жалдамалы пәтерден тапты. Бойжеткенге қатысты заңсыз әрекеттер жасалмаған.
“Аталған факті 127 ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды”,– делінген хабарламада.
Материал Көкшетау қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының қарауына жіберілді.