Bugin

Баспана кезегіне тұру үшін не істеу керек?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда үйі жоқ азаматтар баспана кезегіне тұра алады. Бірақ оған кез келген адамды тіркей бермейді. Бұрын әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандарға тегін үй берілсе, қазір ондай жеңілдік жоқ. Алайда Отбасы банктен тиімді шарттармен ипотека алуға болады. Ал оған ақша жетпесе, сатып алу құқығынсыз жалдамалы үй ұсынылады, деп хабарлайды Bugin.kz  порталы Sputnik  сайтына сілтеме жасап.

Заң бойынша төмендегі санаттар ғана баспана кезегіне тұрады:

Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, оларға теңестірілген азаматтар;

I және II топ мүгедектері;

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

Кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар (тізімі мына жерде);

Жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандар;

Қандастар;

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;

Көпбалалы отбасылар;

Мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым қызметшілері;

Жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтар;

Толық емес отбасылар;

Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

Жалғыз тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар.

Бірақ зейнеткер немесе көпбалалы отбасы болу жеткіліксіз, тағы бірнеше талап бар. Атап айтқанда, кезекке тұратын адамдардың атында үй болмауы шарт.

Негізгі шарттар:

мемлекеттік жалдамалы үйде тұрмау;

Астана, Алматы мен Шымкенте қалаларында кем дегенде 3 жыл тұру;

уақытша емес, тұрақты тіркеуде болу.

Дегенмен үйі бар кейбір азаматтар баспана кезегінде тұра алады. Мәселен, отбасы тұрып жатқан үй санитарлық және техникалық талаптарға сай болмаса, сосын біріккен оқшауланбаған тұрғын бөлмелерде екі және одан да артық отбасы тұрған жағдайда баспана кезегіне тұруға болады. Сондай-ақ кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын науқастар болса, тағы бір баспанаға алу үшін үй кезегіне тіркелуге мүмкіндік беріледі.