Bugin
Павлодарда 5 жасар бала сүндеттелгеннен кейін ауруханаға түсіп қалды. Қазір ол Астанадағы Ана мен бала орталығына жеткізілді, хирург операциялардан шеттетілді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Баланың анасының айтуынша, олар баланы 23 тамызда облыстық ауруханаға әкелген. Қалыпты саналатын процедура жоспар бойынша өтпеген: дәрігер баланың жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп алып тастаған, зәр шығару каналы зақымдалған.
Ата-ана жағдай туралы әлеуметтік желіде жариялады. Айтуларынша, бөлім меңгерушісі дәрігердің қателігін мойындаған.
Ал Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайына қатысты әзірге түсінік бере алмайтынын мәлім етті. Аталған факті бойынша комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталған. Ал 5 жасар баланы тәжірибелі дәрігер сүндеттегені белгілі болды.
"ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Павлодар облыстық департаментіне осы жағдай бойынша жоспардан тыс тексеру бастау үшін хат жолданды. Осы отаны жасаған маманның 13 жылдық қызмет өтілі бар, сондай-ақ "Балалар хирургиясы" мамандығы бойынша бірінші біліктілік деңгейі бар. Қазіргі уақытта дәрігер операция жасаудан шеттетілді", - деді денсаулық сақтау басқармасынан.
Қазіргі уақытта бала Астанадағы Ана мен бала орталығының урология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалап отыр.