БІЛІМ

1 қыркүйекке арналған тілектер мен тақпақтар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Томирис Мұхамеджан

1 қыркүйек - жаңа оқу жылы. Bugin.kz порталы білім нәрімен сусындауға асыққан оқушыларға мерекеге орай тілектер мен тақпақтар ұсынады.

Қымбатты ұстаздар, ата-аналар, қадірменді қонақтар, оқушылар!

Сіздерді мектеп әкімшілігі атынан 1 қыркүйек - Білім күнімен дәстүрлі жаңа оқу жылының басталу салтанатымен құттықтаймын.

Әлемдік өркениетке бет алған бүгінгі қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты.

Биылғы жылдың ерекшелігі - ҚР білім беруді дамытудың 2023 - 2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада баршамызға білім беру сапасын арттыруға үлкен міндеттер жүктелді. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламада педагог беделін көтеруге ерекше көңіл бөлінген. Еңбекақыны өсіру, мұғалімнің имиджін арттыру, біліктілігін көтеруге іс-шаралар жоспарланған. Өткен оқу жылы - алға қойылған міндеттердің нақты іске айналып, жетістіктерге толы табысты жылы болды деп есептейміз.

Абай атамыз: "Адамның көңілі шын мейірленсе, білім - ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі", -  деген екен. Сондықтан бүгінгі жастар ілім-білім жинауға қашанда асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуы қажет. Осы жолда қажымай, талмай еңбектің өлшеусіз үлесін көрсетіп, болашақтың бағдаршамы - ұстаз деген атаққа әрқайсың да лайық болыңыздар, қымбатты ұстаздар!

* * *

Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата-аналар және барша қазақстандықтар!

Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен құттықтаймын!

1 қыркүйек – барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Бұл мереке кейбір азаматтардың мектеп қабырғасын, колледж және жоғары оқу орындарына барған күндерін еске түсірумен сипат алса, жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күні әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалады. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді: мектеп табалдырығын аттауға асыққан бірінші сынып оқушылары, өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген ЖОО-ға мақтанышпен келген мектеп қабырғасын жаңа ғана аяқтаған түлектер, осы күйді екінші рет бастан кешіп отырған ата-аналар.

Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері бүгін, яғни 1 қыркүйек күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады. Бұл күн – тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы тәуелді болған қызу қайнаған, жауапты кезең бастамасы.

Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.

Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бүгінгі ерекше, жайма шуақ күні жақсы көңіл күй, жаңа жетістіктер мен ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін! 

 

1 қыркүйекке арналған тақпақтар

Кел балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық,

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдынан

Іздемей-ақ табылар.

* * *

Шырылдаған тыным алмай,

Қоңыраудын үні қандай,

Мақсатына жете ме адам,

Оқу оқып, білім алмай.

Қиындықтан өтуге,

Армандарға жетуге,

Білім алам ерінбей

Еліме қызмет етуге.

* * *

Білім - менің ертеңім,

Өсу үшін өркенім.

Жүзем оқу айдынында,

Жайып білім желкенін.

Балабақша есігін

Үшке тола ашқанбыз.

Балапандай мәпелеп,

Өсіруде бақшамыз.

Дереккөз: zharar.com; bilimsite.kz