Bugin
Фото: inform.kz
"Алтынемел" ұлттық саябағында мамандар Қызыл кітапқа енген жыланшы қыранның балапанын видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Видеоны Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жариялады.
Алтынемел ұлттық саябағында сирек кездесетін жыртқыш құстардың ішінде жыланшы бүркітін ерекше құс деп атауға болады, өйткені оның қорегінің басым бөлігі - жыландар.
Учаске бастығы Дидар Базарбеков құс ұясына орнатылған камераның көмегімен жыланшы қыранның ұяға жұмыртқа салуынан бастап, балапанның жұмыртқаны жарып шығып, жетіліп, ұядан ұшқанына дейінгі негізгі сәттерін түсіріп үлгерді.
Бейнежазбадан көрініп тұрғандай, екі айдың ішінде ата-анасының балапанға әкелген олжасының бәрі дерлік әртүрлі жыландардан құралған.
Тек бір жағдайда ғана құстар балапанды агама кесірткесімен азықтандырды.
Дегенмен, жыланжегіш қырандар бақамен, ұсақ сүтқоректілермен (кеміргіштер) және дала құстарымен де қоректенетіні белгілі.
Жыланшы Қазақстанның Қызыл кітабына енген және ұлттық саябақта негізінен жайылма аңғарында мекендейді.
Құс наурыздың аяғында, сәуірде ұшып келеді және ағашқа да, тасқа да ұя сала береді.
Жұмыртқа шығару сәуір-мамыр айының ортасына тап келеді, инкубация бір айға жуық созылады, балапан маусым айының ортасында шығады.
Ал шілде-тамызда ол қанаты қатайып, тамыз айының соңында ұядан біржола ұшып кетеді.
2022 жылы саябақта бар болғаны 12 жыланшы бүркіт бар еді.