Bugin
Фото: Астана қаласы, Полиция департаменті
Президент Жарлығымен Ішкі істер министрі болып тағайындалған Ержан Сәденов – Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тумасы, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Ержан Сапарбекұлы Сәденов 1968 жылдың 24 қазанында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Құйған ауылында дүниеге келген.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Қарағандыдағы ҚР ҰҚК жоғары мектебін бітірген.
Құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 1993 жылы ШҚО ішкі істер басқармасының ауданаралық жедел іздестіру бөлімінде жедел уәкіл ретінде бастаған.
Қызмет жолында Өскемен қаласында автокөлік ұрлығына қарсы бөлімшелерді басқарып, мүлікке қарсы қылмыстар мен нашақорлық деректерін ашумен айналысты.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының аса маңызды істер жөніндегі бөлімнің, аса қауіпті қылмыстармен күрес жөніндегі бөлімнің, азаматтарға қарсы қылмыстар бөлімінің бастығы болды.
Кейін Шығыс Қазақстан облысының аудандық полиция бөлімдерін, Риддер қаласы ішкі істер бөлімін, Өскемен қаласы ішкі істер басқармасын басқарды.
Облыстық деңгейде Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, Ішкі істер министрлігі департаментінің бастығы, Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы, Ақмола облысының полиция департаментінің бастығы, Астана қаласы полиция департаментінің бастығы лауазымында қызмет етті.
Министрлік лауазымға тағайындалғанға дейін Ішікі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ержан Сәденов Астана қаласының полиция департаментін басқарды.
9 қаңтарда ол елорданың түгелдей полиция бақылауында екенін мәлімдеген еді.
Министрдің орынбасары лауазымында жүріп, мамыр айында Мәжіліс депутаттарының алдында "Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасын таныстырғаны бар.