Bugin
Фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ортаншы ұлына қатысты дауға пікір білдірді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қызды итеріп жібергені туралы видео тараған еді. Бұл туралы ол Facebook-парақшасында бөлісті.
"Бүгінгі әлеуметтік желілерде менің ұлыма қатысты тараған видео бойынша түсінік беруді жөн көрдім. Өздеріңіз білетіндей, менің әулетім айналасындағы мұндай оқиға бірінші рет емес. Осындай оқиғалардың бұлай заңдылықпен қайталануы менің еріксіз ойландырды. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те азаматшалар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ-астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға керек қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның күмәнін тудырады.
Бұл менің отбасыма кейінгі жылдары жасалған "Кезекті ақпараттық шабуыл". Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын", - деп жазды депутат.
Еске салайық, бұған дейін депутат Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы қызды ұрды деп айыпталғаны белгілі болды.