Bugin

Қазақстанда дәрігерлер өлген адамдарға да дәрі-дәрмек беріп келген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фотограф: Karolina Grabowska/ pexels.com

Медициналық сақтандыру қорының есебінен өлген адамдарды "емдеу" жағдайлары анықталды. Бұл туралы ұйымның басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Биыл алты айдың ішінде 8,8 млрд теңгеге тәртіп бұзушылық анықталды. Ауруханалар мен емханалар медициналық қызметтердің бағасын артығымен көрсетеді, я болмаса, сапасы төмен қызметті қымбаттатып қояды. Осындай жолмен сақтандыру қорынан қыруар қаржы алады. Бұдан бөлек, пациенттер мен қызметтердің санын көбейтіп жазу жағдайлары аз емес.

"Мәселен бір адамның 52 тісін бір күннің ішінде емдеген. Ал кейбір медициналық оңалту ұйымдарында бір маман айына 1600 рет қызмет көрсеткен. Ал 20 жұмыс күнін және 8 сағаттық уақытты ескерсек, 80 процедура жасау үшін ондай маманға кем дегенде 40 сағат керек", - деді Мұхамеджан орталық коммункациялар қызметінде өткен брифингте.

 

Бұдан бөлек, науқас стационарда жатқан уақытта емханада оған диагностикалық қызмет көрсетілгені туралы мәлімет енгізіледі. Сол үшін медициналық қордан ақша аударуды сұрайды.

"Резонанс туғызған оқиғалар да бар. Мәселен, өлген адамдарға дәрі-дәрмек жазылып, медициналық сақтандыру қоры аясында қызмет көрсетіліп жатады", - деп атап өтті Мұхамеджан.

Оның айтуынша, дәрігерлер қордан ақшаны көбірек алу үшін жедел жәрдемді де пайдаланады. Биыл ондай қызметке 37 миллиард теңге бөлінді. Ал шын мәнінде ол адамдарды емханада қарауға болатын еді.