ТӘРБИЕ
Фото: Bugin.kz/Томирис Мұхамеджан
Жер бетінде жалғыз ғана жұбымен өмір сүретін тіршілік иелері жетерлік. Мұндай қарым-қатынасты моногамия деп атайды. Бұл - тек адамдарға ғана тән ерекшелік емес. Өйткені әлемде екінші жартысына адал жан-жануарлар мен құстар да бар. Bugin.kz порталы осы жайлы қызықты ақпарат ұсынады.
Қасқыр
Бұл жыртқыштар өмірде бір ғана өмірлік серік таңдайды. Үйір болып өмір сүретіндіктен, қасқырлардың иерархиясы өте күрделі. Әдетте қасқырлардың аналық пен аталығының мәртебесі бірдей болады. Қасқыр үйірі біраз уақыт бір-бірінен ажыраса да, жұп қасқырлар қайта қосылады. Қыста болатын жұптасу кезеңінде тек өз жартысымен болады, ал "басы бос" қасқырлар осы кезеңде жұбын іздейді.
Пингвин
Жануарлар әлемінің тағы бір жауапты отбасы мүшелері - пингвиндер. Аталығы ұрпағын ұрғашысымен бірге күтеді: жұмыртқа басуға көмектеседі және жұмыртқадан шыққан пингвинге қамқорлық жасайды.
Егер аналық кенеттен қайтыс болса, аталық ұрпақты тәрбиелеудің барлық функцияларын өз мойнына алады. Ата-ананың рөлін толық өзі атқарады.
Аққу
Махаббаттың символы саналатын бұл құстар сезімге адал екені көпшілікке аян. Аққулар серігі өлгенде ғана жұбын ауыстыратыны белгілі. Бірақ кейде аққулардың екінші жартысы сағыныштан құса болып өлсе, енді кейбірі өмір бойы жалғыз өмір сүреді. Дегенмен жұбынан айырылған соң, ұзақ уақыт өтпей, бірден екінші жартысын тауып алатын аққулар да аз емес.
Құндыз
Құндыздар да жануарлар арасында мықты одақ құра алатынымен ерекшеленеді. Екеуі бірге үйлерін жабдықтап, ұрпақтарына қамқорлық жасайды. Жұпта аналықтың рөлі басым болғанымен, аталықтың да жұмысы жетерлік. Өйткені жаңа ұрпақты ғана емес, өткен жылдарда дүниеге келген кішкентай құндыздарды да бағып-қағуы керек.
Гиббон
Үйірмен емес, тек жұбымен өмір сүретін қолы ұзын маймылдар - адамдар сияқты отбасын құратын тіршілік иелері. Бір қызығы, оларда гендерлік теңдікке ұқсас нәрсе бар. Аналық пен аталықтары отбасылық міндетті бірдей екіге бөледі.
Тек адамдар, жануарлар мен құстар ғана емес, сонымен қатар жәндіктер де ғашығына мәңгі адалдығын сақтай алады. Өйткені бұл тәсіл ата-аналардың өздеріне де, олардың ұрпақтарына да қалыпты өмір сүруге көбірек мүмкіндік береді.