Bugin
Фото: ratel.kz
Батыс Қазақстан облысы Аралтөбе ауылында 48 жастағы шаруа қожалығының басшысы ауыл тұрғындарын атқан, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, мас ер адам кешкі сағат алты шамасында ауыл тұрғынымен жанжалдасып, төбелескен.
"Күдікті өзінің Lexus маркілі автокөлігінен әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын алған. Бірнеше рет қарсыласына қарай оқ атқан. Ауыл тұрғыны сол жақ жаңбасынан және аяғынан жарақат алған. 59 жастағы ауыл тұрғыны мен оның бүлдіршін немересі де жарақат алған", – деді БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Аңшы мылтығынан атылған бытыра екі жасар сәбидің де, жанындағы әжесінің де сол аяғына тиген. Жедел жәрдеммен екеуін ауруханаға жеткізген.
"Үшінші науқас - 89 жылғы ер адам. Ол стационарлық көмектен бас тартып, қазір амбулаторлық ем алып жатыр. Науқас денесінің сол жағынан, басына жарақат алған. Қазір емделіп жатыр. Үшеуінің де жағдайы қалыпты", – дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызмет ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.
Күдікті қылмыс істеген соң, өзінің көлігімен қашып кеткен. Тәртіп сақшылары қолға түсіріп, мылтығын тәркіледі. "Адам өлтіруге оқталу" бабымен іс қозғалды.