Bugin
Фото: видеодан кадр
Ұлытау облысына қарасты Қаражал тұрғыны 28 жастағы қызды өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
"Патриот" Telegram-арнасының хабарлауынша, жол апаты Қаражал – Қарағанды тасжолында болған. Марқұм Арайлымның туыстары күйеу жігіт оны жиі ұрып-соғып, қорлық көрсетіп жүргенін айтады.
Неке қиылғанға дейін олар Қаражалда бірге тұрған. Қайғылы оқиғадан сәл бұрын қыз ата-анасына телефон соғып, өзін алып кетуді өтінген. Алайда үйіне кетіп бара жатқанда, Қарағандыға қарай шыға берісте, жолда мас күйеу жігіт оларды тоқтатып, көліктің терезелерін темір таяқпен сындыра бастаған.
Осыдан кейін көлік рөлінде отырған қалыңдықтың ағасының досы полицияға хабарласу үшін Қаражалға қайта бет алады. Алайда мас күйеу жігіт олардың соңынан қуады.
"Ол бірнеше рет көліктің артқы бамперінен және артқы сол жақ қанатынан соққан. Оның мақсаты көлікті жол жиегіне қарай аударып жіберу болған. Ол көлігінің рөлін жол жиегіне қарай қасақана бұрып, алдындағы көлікті жол шетіне ығыстыра бастаған", - дейді қыздың туыстары.
Соның салдарынан көлік аударылып кеткен. Бойжеткен оқиға орнында қайтыс болса, анасы, ағасы мен екі досы жарақат алып ауруханаға жеткізілген.
Ұлытау облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев ер адам 6 қыркүйекте уақытша ұстау изоляторына қамалғанын айтты.
"Көліктің не себепті жолдан шығып кеткенін анық білу үшін лак-бояу сараптамасының қорытындысын күттік. Қазір тергеушінің қолында күдіктінің көлігі жәбірленушілер көлігінің бамперіне және сол жақ қанатына механикалық соққы жасағаны туралы сарапшылардың қорытындысы бар. Ол қамау изоляторына қамалды. Тергеуші Қылмыстық кодекстің 345-бабының "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" санатын 99-бап "Ксі өлтіру" және 24-99-баптары бойынша үш жәбірленушіні "өлтіруге оқталу" деп өзгертті. Бұл істің тергеу барысын жеке бақылауыма аламын",– деді Қайыркен Әлиев.