Bugin
Фото: stylishbag.ru
Алматы облысында атыстан төрт адам жарақат алып, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Адам өліміне алып келген атыс 7 қыркүйек күні болған. Іле ауданының орталық аудандық ауруханасына тегіс ұңғылы қарудан жарақат алған 4 жергілікті тұрғын түсті. Тағы бір адам ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы (Кісі өлтіру) және ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша тіркелді. Оқиғаға қатысушыларды полиция қызметкерлері анықтап, ұстады. Жағдайлар анықталып жатыр", - деп хабарлады Бауыржан Әленов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі уақытта сараптамалық тексерулер тағайындау мен барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.