Bugin
© ktk.kz
Жүздеген алматылық Қытайдан тауар тасымалдайтын жеткізушіні алаяқтық жасады деп айыптауда. Халық ыдыс-аяқ, жиһаз, тұрмыстық техниканы көтерме бағамен сатып алғысы келді. Алайда ондаған миллион теңге аударылған кәсіпкер ханым хабарсыз кеткен. Бұл туралы КТК телеарнасының сюжетінде айтылды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Жеткізушіге алданып қалғандардың бірі Виктория Мурзабекованың айтуынша, клиенттері 72 миллион теңге аударып, тоғыз айдан бері тапсырыстарын ала алмай жүр.
"Адамдар тауарды бір жыл күтуге келіскен еді. Менің оларға қайтаратын ақшам жоқ. Олар бізден не тауарды, не ақшаны талап етуде", - дейді жәбірленуші Виктория Мурзабекова.
Тағы бір жәбірленуші алдымен тауарды өзіне алып, кейін чат ашып, қайта сатуға бел буған. Чатта 600-ге жуық адам бар. Бір жыл бұрын оның клиенттері жиһаз, тұрмыстық техника мен ыдыс-аяққа тапсырыс беріп, 462 миллион теңге аударған. Ал қазір негізгі жеткізуші байланысқа шықпағандықтан ақшаны қайтаруды талап етіп отыр.
"Мен де көтерме сауда тобына адамдарды шақыра бастадым, тапсырыс қабылдауға көмектесу үшін менеджерлерді жинадым. Қол астымда 30-ға жуық қыз бар. Бірақ ешқандай тауар жоқ. Ол "хрусталь болады, түпнұсқасы келеді. Арнайы жапсырмасы болады" деген. Біз ақшаны қайтаруды талап етеміз", - деді Әлия Көлденова.
Кәсіпкер әйел бұл айыппен келіспейді. Әлеуметтік желідегі парақшасында ол клиенттерден тағы екі ай күтуін сұраған.
"Мен бұл алаяқтық емес екенін мәлімдеймін. Пирамида емес. Тауарлар кедендік ресімдеуден өтіп жатыр. Маған екі ай уақыт берулеріңізді сұраймын", - деді Арайлым Айсмұратова.
Адамдар полицияға арыз жазып үлгерген. Ол жерде сотқа дейінгі тергеу басталды. Әйелдің өзі әлі бостандықта, қазір ол тергеуге шақырылып жатыр.
"Қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізілуде. Нәтижелері бойынша істің объективті мән-жайлары анықталып, процессуалдық шешім қабылданатын болады", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.