Bugin
Фото: lada.kz
Ақтаудағы тұрғындар көпқабатты үйлердің ауласында ветеринарлық қызметкерлер балалардың көзінше иттерді атып кеткеніне шу шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға Ақтау қаласындағы 4-шағын аудандағы №31 үйдің ауласында тапа-тал түсте болған. Жергілікті тұрғындар ветеринарлық қызметкерлердің итті балалардың көзінше аулағанына наразы.
Қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялаумен айналысатын "Абдол" ЖК серіктестігі үй тұрғынынан шағым түскенін айтты.
“Әйел адам дәлізде бұралқы ит кезіп жүргенін және пәтерінен шыға алмай, қорқып тұрғанын айтты. Мамандар оқиға орнына барып, 4-қабаттағы пәтердің алдында ешбір куәгерсіз итті тыныштандырды”, – деп мәлімдеді компания.
Итті сыртқа шығарғаннан кейін бірінші қабаттағы тұрғындар мен балалар ойда-жоқта жинала қалған. Итті аулап жатқанын көрген үй тұрғындары шу шығара бастаған.
“Тұрғындарға итті атпағанын, керісінше, тыныштандырып, базаға жеткізілгенін түсіндірдік. Кейінірек микрочип жасап, кастрация процесін жүргіземіз. Үш күннен кейін итті еркіне жібереміз”, – деп түсініктеме берді компания.
Ақтауда кәмелетке толмағандардың жаппай төбелесі видеоға түсіп қалған