Bugin
Фото: bloknot-novorossiysk.ru
Ақмола облысының Бурабай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде кәмелеттік жасқа толмаған ұлдың сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы дау шықты. Бұл туралы жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Тамыз айында біздің ауылда бір жыл бұрын жасалған ауыр қылмыс жария болды. Бесінші сынып оқушысы жоғары сынып оқушыларының жыныстық зорлық-зомбылығына ұшырады (олардың бірі қазір студент). Бұл оқиға бүкіл ауылды дүрліктірді...", - деп жазды тұрғын.
Сонымен бірге, жазбаның авторы күдіктілердің бірі мектепте 11-сыныпта оқитынын, ал біреуінің анасы сол мектепте мұғалім екенін айтады. Оның айтуынша, бұл оқиға зардап шеккен баланың анасы ауыл тұрғындарының желідегі чатына жазған жазбадан кейін белгілі болған.
"Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ж.М.Төлегеновтің, Бурабай ауданының ішкі істер органдары, прокуратура, учаскелік прокуратура өкілдерінің қатысуымен біздің ауыл әкімдігінде жиналыс өтті. Онда ауыл тұрғындарына болған жағдай туралы түсінік берілді. Ата-аналардың өтініші бойынша тергеу шаралары кезінде күдікті қашықтан оқытуға ауыстырылды. Іс прокуратураның бақылауында", - деп жазды ер адам өзінің екінші жазбасында.
Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінен түсіндіргендей, қазіргі кезде Бурабай аудандық Полиция бөлімі тарапынан кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық дерегі бойынша тергеу амалдары қолға алынған.
"Жәбірленуші тараптың арызы бойынша бұл оқиға 2022 жылдың маусым айында болған. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына ПД баспасөз қызметінен.