Bugin
Фото: halyq-uni.kz
Астанада бір тәулікте 142 жол-көлік оқиғасы болып, үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордада бірнеше күн қатарынан жаңбыр жауып, тұман басты. Осыған байланысты Астана полицейлері жүргізушілерге жолда мұқият болуды ескертті.
"Елордада бір тәулікте 142 жол апаты болып, үш адам зардап шекті. Ауа райына және жауын-шашынға байланысты қалалық Полиция департаменті жүргізушілерге қозғалыс кезінде барынша мұқият және сақ болуға, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты, маневр жасау ережелері мен бүйірлік аралықты мүлтіксіз сақтауға, сондай-ақ, жол белгілері талаптарын орындауға шақырады", - деді полиция өкілдері.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, мұндай ауа райында жүргізушілер үшін ең қауіптісі - дымқыл асфальт, бұл көліктердің тежеу жолын ұзартады.
Сонымен қатар, Полиция департаменті өкілдері жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де сақ болу керегін ескертті. Полицейлер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жолды арнайы белгіленген жерден кесіп өтуге кеңес береді. Жолдан өтіп жатқанда гаджетке қарамай, құлаққаптарды шешіп, жақын жерде көліктің жоғына көз жеткізу маңызды.
Түнде жолдан өтіп жатқанда балалардың жарақаттанбауы үшін жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану ұсынылады.