Bugin

Ата заңымыз дін бостандығына шектеу қоймайды - Ерлан Қошанов

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: islamnews.ru

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мектепке хиджабпен бару дауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

"Бұл мәселе жөнінде алуан түрлі пікір айтылып жүр. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, Конституциямызда, басқа заңдарымызда анық көрсетілген. Ата заңымыз дін бостандығына шектеу қоймайды, өзінің діни рәсімдерін жасаймын деушілерге кедергі жоқ. Алайда мектептерді саяси бағыттар мен діни ағымдар ордасына айналдыруға болмайды", - деп жауап берді Мәжіліс төрағасы кулуарда тілшілер сұрағына.

Ерлан Қошанов мектеп – білім ордасы екенін, онда білім берілуі керектігін баса айтты.

"Сондықтан біз балаларды немесе оқытушыларды басқа мәселеге алаңдатпауымыз қажет деп ойлаймын. Және министрліктің заң бойынша қандай форма киетіні туралы стандарттары бар ғой. Сол стандарттарды да ұстануымыз керек", - деді ол.

Спикер бұл тыйымның адамның конституциялық құқығын еш бұзбайтынын, балалар кәмелеттік жасқа толғанда қандай жолмен жүретінін өздері таңдайтынын айтты.

Сонымен бірге, журналистер "Қазақстан Мәжілісі қашан салафизмге ресми тыйым салады?" деген сұрақ қойды.

"Бүгін де депутатымыз "домбыра – харам" деген әңгімеге қатысты сауал жолдады. Сонда біздің ғасырлар бойы қолына домбыра ұстаған бабаларымыз күнәһар болғаны ма? Теріс діни ағымда жүрген, заңға қайшы әрекет етіп жүргендерге әрине заң жүзінде тыйым салуымыз керек", - деді Мәжіліс төрағасы.