Bugin

Назарбаев кезінде жасалған келісімшарттардың "құпиясы" қашан ашылады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Михаил Воскресенский

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Энергетика министрлігінің өкіліне жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды bugin.kz порталы El.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжілісмен өз сөзінде барлау жұмыстарын жүргізіп, өзінің инвестицияларын құйған жағдайда, кейбір әкімшілік барьерлердің кесірінен келісімшарттарын ұзарта алмай қалғаны жөнінде айтты.

"Қазіргі заң жобасы бойынша келісімшарттарды бір уақытта үш жылға дейін ұзарту көзделген. Жоба құжаттамаларын сараптаудан өткізу үшін мерзім жеткілікті ме? 1997 жылдан бастап барлық мұнай кен орындары - "Қашаған", "Қарашағанақ", "Теңізшевройл" инвесторлардың қолында. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін олармен бекітілген келісімшартты халық білмейді. Қандай шарттармен келісімшарт бекітілген. Заң бойынша халық – жер қойнауының иесі. Осы кен орындары бойынша бекітілген келісімшартты ашуға және халыққа көрсетуге дайын ба, дайын емес пе?" – деп депутаттық сауал тастады.

Аталған сауалға энергетика вице-министрі Асхат Хасенов: «алғашқы сауал бойынша үш жыл жеткілікті деп есептейміз. Себебі оның нақты факторлары бар. Оны жай ғана созбайды. Бұрғылау жұмыстарын бітіру керек» деп айтты.

"Барлау кезеңін бітіру үшін қаражат барын бізге көрсету қажет. Екінші сауал бойынша бізде қазір өнімді бөлу келісімшарттары бойынша арнайы тұрақтылық берілген. Ешқандай ақпарат жоқ деген сөз емес. Қанша салық төленіп жатыр, қанша қаржы бөліп жатқанын бәрін көрсетіп жатыр. Ал нақты басқа да шараларды көрсету үшін Мәжіліс пен үкімет арасында арнайы жұмыс тобы құрылды", – деді энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.

Депутат бұл жауапқа көңілі толмай, артынша "Қашаған", "Қарашағанақ", "Теңізшевройл" кен орындары бойынша бекітілген келісімшартты ашуға және халыққа көрсетуге дайынсыз ба? деп тағы сұрады.

"Бұл келісімшарттар халықаралық талаптарға сай қазіргі таңда екі жақтың өздерінің келіссөздері арқылы келісілген болса ғана ашылатын болады. Нақты қандай да бір талаптарды ашық ету керек болса, біз ол туралы алпауыт кен орындарына өзіміздің талаптарымызды қоямыз", – деді энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.