Bugin

Джо Байденнің ұлы 25 жылға сотталуы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: mel.fm

Президент Джо Байденнің ұлы – Хантерге 2018 жылы қару сатып алу кезінде жалған мәлімет бергені үшін үш эпизод бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды bugin.kz порталы ҚазАқпарат  сайтына сілтеме жасап.

АҚШ тарихында алғаш рет Әділет министрлігі билік басындағы президенттің ұлына айып тақты.

Хантер Байденнің кінәсін мойындау туралы сотпен алғашқы келісімі шілдеде бұзылғаннан кейін оған осындай айып тағылды. Джо Байден 2024 жылы АҚШ президенті болып қайта сайлану үшін сайлауалды науқан кезінде бұл жағдай күрделі сот ісіне ұласуы мүмкін.

Хантер Байден 2018 жылдың қазанында Делавэр штатындағы қару-жарақ дүкенінен револьвер сатып алып жатқанда тыйым салынған есірткі заттарын пайдаланбайтынын және оған тәуелді емес екенін айтып, жалған мәлімет берген. Шын мәнінде, ол сол кезде кокаинге тәуелділікпен күресіп жатқан болатын.

Қару сатып алар кезде жалған ақпарат беру федералдық қылмысқа жатады. Хантер Байденнің кінәсі дәлелденіп жатса, 25 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

АҚШ-тың Өкілдер палатасының бастамасымен ұлы Хантердің кәсіпкерлік қызметіне байланысты Джо Байденге қатысты тергеу басталды. 

CNN-нің жазуынша, бұрын өзіне де төрт рет айып тағылған АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Хантер Байден туралы жаңалыққа «қайғылы жағдай» деп пікір білдірді.

"Бұл – қайғылы жағдай, мен мұндайға ешкім қуанбауы керек екенін айтқым келеді", - деп мәлімдеді Трамп NBC News-ке.