Bugin
Фото: Р.Зайытовтың Instagram парақшасынан алынды
Әскерде құмар ойынға тәуелділік белең алған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Әскердегі қоқан-лоқы көрсетудің ар жағын зерттеп қарасақ лудомания тұр. Тіпті, бөлімше командирі өздері ойынға кіріп кетеді де, қарамағындағы қарапайым сарбаздарды ұрып-соғып, үйінен ақша әкелуді талап етеді. Бұның барлығы өмірде болып жатқан оқиға. Сондықтан Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге жеке мән беру керек деп ойлаймын. Министрліктің өкілдері де осындау іс-шараларға қатысуы керек", - деді Зайытов.
Депутат лудомания дертінен қоғамды қорғау үшін танымал тұлғалардың аудиториясын пайдалану керек екенін айта кетті.
"Тағы бір маңызды дүние – үгіт-насихат жүргізу. Қорғаныс министрлігі Жоғары білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, танымал тұлғаларды пайдалану керек, себебі ойын платформалар тек қана танымал тұлғалар пайдаланады. Содан кейін жастардың сүйікті футболшылары сондай (ойын жарнамасы жазылған) футболка киіп шыққаннан кейін, соны насихаттағаннан кейін оған (құмар ойынға) өте оңай. Оған қарсы қолданылатын қару тек қана өнер жұлдыздары, блогерлер бір ауыз сөзбен айтқанда қоғамдық пікір айта алушылардың барлығын тартып, өңірлерге жіберуіміз керек", - деді мәжілісмен.
Ринат Зайытов "лудоманияның салығынсыз өмір сүре алмайтын болсақ, қарапайым адамдарға ойынның қолжетімсіздігін арттырайық. Мысалы жеке шотында 10 млн-нан кем қаржысы бар адам ойын ойнай алмайтын болсын" деген ұсыныс білдірді.
"Балалар неге орыс әдебиетін оқуы керек?": Зайытов ерекше бастама көтерді