Weekend
Қызға жазылатын ең бірінші хабарлама...
Желіде көңіліңнен шығып тұрған қызбен қатынас орнату, шын өмірдегіге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Бақытың жанса бірер уақыттың ішінде «сүйіктің» туралы барлық ақпаратты білуге болады: қайда жұмыс істейді, қандай фильмдерді ұнатады, қай жанрдағы музыкаларды тыңдайды. Бірақ, желідегі сол қыздың сізге назарын қалай аударуға болады? Ең бірінші не жазу керек? Осы және өзге де амал-тәсілдер туралы бүгін сөз айтпақпыз.
Ең алдымен, хабарлама жазбас бұрын:
1. Әлеуметтік желідегі парақшамызды ретке келтіреміз. Жақсы өтімді суретті негізгі сурет етіп белгілеп, «Мен туралы» бөлімін өзіміз туралы ақпаратпен толтырамыз. «Сәтті» түскен суреттерімізді жүктейміз.
2. Өз қалаңыздағы қызды таңдаңыз. Бұл бастысы, себебі жырақтағы махаббаттың оты ұзақ жанбасы анық. Фейк аккаунтарға қарамаймыз, ортақ қызығушылығы, қызықты тақырыптарды сөз қыла алатын қызды таңдаймыз.
Қызға жазылуы керек ең бірінші хабарлама қандай болуы тиіс? Ең бірінші хабарлама қысқа болғаны абзал және сіздің «сәлем» деген сөзіңізді оқыған әрбір қыздың басында туатын 3 сұраққа жауап бере алатын хабарлама болуы керек. Ол мына сұрақтар:
1. Сіз кімсіз: есіміңіз, желіде оны қалай іздеп таптыңыз;
2. Танысудағы мақсат: жәй әңгімелесу, уақытты бірге қызық өткізу, кездесуге бару;
3. Нақты сол қызды таңдағандағы себебіңіз: ортақ қандай қызығушылық бар, қыздың қай жерін ұнаттыңыз.
Аталған тезистердің тәртібі, танысу кезінде белгілі болады. Ең алғашқы хабарламаның басты міндеті– қыз баланың сізге деген қызығушылығын тудыру, сізге назарын аударту. Ол үшін ғаламтордан алынған ұзақ мәтіндерді шұбыртып жазудың қажеті жоқ. Қарапайым үйлестірілген 1-2 сөйлемнің өзі жеткілікті.
Өзіңізді таныстырып өтіңіз, бір жағынан парақшаңызды бәрі жазылып тұрса да, өзіңді таныстыру – этикеттің қарапайым формасы.
Әрмен қарай, тілдесуді жалғастыру үшін бір желеу керек. Қарапайым «жақын араласуға ниеттімін» дегеннің өзі жеткілікті. Тек, отбасы құру керек, бала сүйгім келеді деп бірден жазу жарамас. Қыз ондай әңгімеден ат тонын ала қашады.
Оның парақшасын жіті қарап шығыңыз – виртуалды қауымдастықтары, фильмдері, музыкалары. Басқа қыздардан қай жері ерекше? Екеуізді не біріктіруі мүмкін?
Ең бірінші хабарламаны жазудағы қателіктер қандай? Көпшілік жиі қолданатын, «ескірген» сөздер, мысалы: «Сәлем, қалайсың?» Әдетте мұндай 10 жағдайдың 9-ында қыз бала сізге жауап қайтармауы мүмкін. Сексуалды типтегі сөздер: «сені жақыннан көргім келеді», «фигураңыз ат екен» бөгде адамның бұл сөздері әсте қыз баланы қызықтырмас. Блокқа қош келдіңіз! Грамматикалық қателіктер: не жазғаныңызды жіті тексеріп шығу керек, керек жағдайда үтір, леп белгілерін қоюды үйреніңіз. Виртуалды алдау, яғни «фейк» парақшамен жазу. Қыздың орнына өзіңізді қойып көріңіз, парақшасында достары жоқ, аватаркасында Ломбарджинидің соңғы моделінің суреті тұрған белгісіз біреумен танысар ма едіңіз?
Сонымен, қыз баланың назарын өзіңізге қараттыңыз. Әрмен қарай – негізгі мақсатыңа ұмтылу. Егер жақын қарым-қатынасты қаласаңыз – телефон нөмірін алып, оның сізге деген кішігірім әуестігін пайдалана отырып, тікелей кездесуге шақырған дұрыс. Кездесу орнын жақсылап таңдау керек. Ең алғашқы кездесуде сыйлық сыйлау қыз көңілін тартуға айтарлықтай әсер етеді. Оны таңқалдыруға тырысу керек.
Егер «қызыңыз» кездесуге келісім бермесе – қолды бір сілтеудің қажеті жоқ. Желідегі достар қатарынан өшіріп, бірден блокқа тығудың қажеті жоқ. Онымен ары қарай әңгімелесе берген дұрысырақ. Қызбен неғұрлым көп сөйлескеніңіз, келесі рет кездесуге шақырғанда келісетініне кепіл бола алады. Әңгімеңіз қызға ұнаса, әлбетте кездесуге келісімін береді.
Ал ендеше іске сәт, батырым!