Bugin

Павлодарда пара алған шенеунікке қатысты үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

 

Павлодарда пара алған шенеунікке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Шенеунік алған параның 20 еселенген сомасын қайтару қажет.

Павлодар қаласының № 2 сотында қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Ол тамыз айында Павлодар көшелерінің бірінде орналасқан тұрақтың қасында тұрғыннан пара алған. Іс материалдары бойынша пара берген адам өзінің анасына әкімшілік іс бойынша айыппұлдың орнына ескерту түріндегі әкімшілік жазаға ауыстыру мақсатында шенеунікке 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай пара берген.

Қылмыстық іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру тәртібінде қаралды. Прокурор мемлекеттік қызметшіге параның жиырма еселенген сомасында, яғни бір миллион теңге айыппұл салуды сұрады.

Сотта шенеунік өз кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.

"Сот жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды және айыпталушының өз кінәсін толық мойындағанын ескере отырып, ер адамға қатысты мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру және параның жиырма еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 1 000 000 теңге айыппұл ретіндегі жаза тағайындалды",– деді Павлодар қаласы № 2 сотының баспасөз қызметінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.