МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Томирис Мұхамеджан
Ванга - әлемге әйгілі болгарлық балгер. Ол жер бетіндегі ең маңызды оқиғаларды болжай алатын ерекше дарыны болған көріпкел. Bugin.kz порталы өткен ғасырдың ең танымал адамдарының бірі саналатын Ванганың жұмбақ әрі белгісіз өмір жолы жайлы деректер ұсынады.
Балалық және жастық шағы
Вангелия Пандева Димитрова 1911 жылы 31 қаңтарда қазіргі Македония Республикасының аумағында болгар шаруалары Панде мен Параскеваның отбасында дүниеге келген. Жаңа туғанда өте әлсіз болғандықтан, ата-анасы қыздың аман қалатынына сенбеген еді. Сондықтан шіркеудегі шомылдыру рәсімінен кейін, сәбиге "ізгі хабарды жеткізуші" дегенді білдіретін Вангелия есімін береді.
Ванганың балалық шағы бақытқа толы болды дей алмас едік. Өйткені бүлдіршін 3 жасында анасынан айырылып, жартылай жетім қалды. Осыдан кейін Ванганың әкесі майданға шақырылып, оны көршісі қамқорлығына алады. Соғыстан оралған соң Панде екінші рет үйленді. Бірақ болашақ көріпкелді өгей шешесі еңбекке жегіп, оны әбден пайдаланған.
Ванга 12 жасында ыңғайсыз жағдайда көру қабілетінен айырылды. Жайылымнан қайтып келе жатқан оны үйінен бірнеше жүз метрдей жерге торнадо алып кетіп, "лақтырып" жібереді. Қыз табылған кезде оның көздері құммен бітеліп қалған еді. Әкесі мен өгей шешесі емдеуге тырысқанымен, нәтижесіз аяқталды. Операцияға қажетті қаражат олар үшін тым көп болғандықтан, қайғылы оқиғадан 4 жылдан кейін қыз мүлдем көре алмайтын болып қалады.
Ванганың зағиптар үйіндегі өмірі
Ванганың өмірінің келесі кезеңі Сербиядағы зағиптар үйімен байланысты болады. Көзі нашар көретін балалар үшін бұл жерде өмір сүру өте қолайлы еді. Өйткені интернат қызметкерлері оқушыларға қамқорлық жасап, қалай өмір сүру керегін үйретті. Зағиптар үйінде Ванга тоқыма тоқуды, пианинода ойнауды, үй жинауды және тамақ пісіруді үйренеді. Қыз мектепте ғылымдар курсын да оқып, математика, әліпби, музыка, сызу және басқа ғылым салаларымен таныс болады.
Үш жылдан кейін Ванга Струмицадағы үйіне оралуға мәжбүр болады. Себебі оның өгей шешесі босанып жатып қайтыс болады. Ал әкесі Ванганың көмегіне зәру еді. Зағип екеніне қарамастан, қыз үй шаруасына бейім болды.
Ванганың болжамдары
Зағип қыздың ерекше қабілеті 1940 жылдан бастап біліне бастайды. Ол ауылдастарының тағдырын болжап, өзінің кеңестерін айтады. Ванганың сөзінше, бұл кезеңде ол өлілердің дауысын естіп, Құдаймен сөйлесе бастаған.
Ванга өте діндар әйел болатын. Ол ұстанатын православие сенімінде көріпкелдік қабілеттерді сиқыр ретінде қарастыратын. Бірақ болжамдары мен емдік сыйы адамдарға көмектесе бастағанда, Ванга шайтанның сыйын емес, көктен сыйлық алғанына сенімді болды.
Бастапқыда Ванганың болжамдары соғысқа кеткен ер-азаматтарға қатысты болды. Ол әскерлердің қайда екенін отбасыларына айтып беріп отырды. Кейбірінің, тіпті, үйге тірі оралмайтынын алдын ала білетін.
Осыдан кейін адамдар Вангаға болжам үшін жаппай келе бастады. Тарихшылардың айтуынша, әйел күніне 130-ға дейін келуші қабылдаған.
Мемлекеттік қызмет
Ванга 1967 жылы мемлекеттік қызметкер болды. Сондай-ақ болжамы үшін жалақы ала бастады. Осы кезеңде оның келушілерінің арасында өз тағдырын, ел болашағын білгісі келетін, құнды кеңестер алғысы келетін танымал тұлғалар мен саясаткерлер көбейе бастайды. Көріпкелдің тұрақты қонақтары болгар патшасы II Симеон, болгар коммунистерінің жетекшісі Тодор Живков, кеңес жазушылары Леонид Леонов пен Юрий Семенов, сондай-ақ Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельциннің өкілдері болды.
Балгер ретінде әлемге аты шыққан Ванга өмірінің соңына дейін діндар болып қалды.