Bugin

Асхат Аймағамбетов шебер мұғалім қандай болу керегін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Tengrinews.kz/Турар Казангапов

Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Әйгерім Сейфоллаға берген сұхбатында шебер мұғалім қандай болу керегін айтып берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Экс-министр өзінің алғашқы мұғалімі жайлы айтты.

"Ұстаздардың рөлі өте үлкен. Мысалы, менің бірінші мұғалімім болды. Мен бастауышта және одан кейін де оқығанда мен өзімді сол мұғалімнің ерекше жақсы көретін оқушысымын деп ойлайтынмын. Маған солай сияқты болып көрінді. Мысалы, ол парталардың жанынан өтеді, сол кезде менің жанымнан өткенде қасымда кішкене көбірек тұрып, дәптеріме қарап, басымнан сипап, күлімсіреп тұратын сияқты болып қабылдайтынмын. Сол үшін менің де оған ерекше көзқарасым болатын. Одан кейін біраз уақыт өткен соң мектепті бітіргеннен кейін бірге оқыған бірнеше балалармен сөйлесіп, еске алып отырғанда әрқайсысымыз өзін дәл солай сезінгеніне көзім жетті. Мен ойладым мен ғана ол мұғалімнің жақсы көретін баласы болдым деп, сөйтсем жанымызда отырған бірге оқыған балалардың әрқайсысы өзін солай сезінген. Міне, осы мұғалімнің шеберлігінің көрінісі. Әр баланың өзін ең жақсы көретін баласы сияқты сезінуі", - деді Асхат Аймағамбетов.

Журналист бұрынғы оқу-ағарту министрінен арманындағы мұғалім қандай екенін сұрады.

"Менің ойымша, бала мектепке келгенде өзін бақытты сезінуі керек. Өзін қауіпсіз жерде екенін сезіну керек. Өзін кәдімгідей күтіп отырған жерге барғанын сезу керек. Мектеп деген жай ғана ақпарат беретін жер емес. Егер мектепте бала бақытты болатын болса, онда бізде жалпы қоғам да басқа болар еді. Соған байланысты балаға жағдай жасауымыз керек. Мектептегі ең басты кейіпкер мұғалім емес, директор емес, бала болуы керек. Міне, балаға негізделген білім беру жүйесі. Өйткені ең бастысы біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Біз Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеп жатырмыз", - Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мұғалім баланы жақсы көріп, оған тиісті жағдай жасап, басынан сипап, жылы сөздер айтса, балада құштарлық басқаша болады. Баланың аты - бала. Балаға қандай көзқарас болады, баланы қалай қарсы алады, ол да сол адамды жақсы көретін болады.

"Біз педагог статусын өсіру жайлы шешім қабылдаған себебіміз - түбінде балалар үшін болатын. Мұғалімнің жалақысын көтеру не үшін керек? Ол осы мамандыққа ең мықты мамандар келу үшін, осы мамандықтағы мұғалімдердің жақсы көңіл күймен жұмысқа келуі үшін, олардың әл-ауқатын, мәртебесін көтеру үшін керек. Неге? Өйткені баланың бақытты, білімді болуы үшін және жақсы тәрбие алуы үшін керек. Бұл реформа қазір де жемісін беріп жатыр және ары қарай да жалғасады деп ойлаймын", - деді ол.