Bugin
Ішкі туризмге деген көзқарас өзгерді
Алакөл көлінің жағалауында курорттық-шипайжай демалысын дамыту ұсынылып отыр. ШҚО туризм басқармасы алдағы уақытта туристер Алакөлге жыл бойы ағылатын болады деген сенімде, деп хабарлайды Алтайньюс сайтына Bugin.kz сілтеме жасап.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, Алакөл аса жоғары сұранысқа ие туристік өнім.
-Бірақ біз бұл нысанды жағажай демалысын дамыту жағынан ғана қарастырмаймыз. Біз туристік өнімнің жыл бойы қызмет көрсеткенін қалаймыз, сондықтан инфрақұрылым құрылысын шектемедік, – дейді басқарма басшысы.
Жыл басында облыстағы бірқатар көлдер мен бұлақтардың суына зерттеу жүргізілгені туралы жазған едік. Бальнеологиялық қорытынды бойынша, радонның шоғырлануы осы Алакөлдің суында Рахман көлдерімен салыстырғанда екі есе көп екені анықталған екен. Көлде туризмді дамытуға осы бастама болды.
Енді басқарма жыл бойы қызмет көрсететін шипажайлар ашуды көздеп отыр.
-Ол үшін көлдің емдік қасиеттерін, қыс мезгілінде адамдарға қандай ем-шара түрін ұсынуға болатынын білуіміз керек. Мысалы, балшықпен және радонмен емдеу, – дейді Жасұлан Сәрсебаев.
ШҚО туризм басқармасы алдағы үш жылда Алакөлге жылына бір миллион турист келтіруге қол жеткізу керек деген мақсат қойған екен. Айта кетсек, өткен жылы жағалауда 500 мыңға жуық адам демалып қайтыпты.