Bugin
Фото: stopfake.kz
Желіде балаларға коронавирусқа қарсы вакцина мектепте жасырын түрде салынып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Bugin.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазнетте тараған видео роликтің кейіпкері әлемнің барлық еліне COVID-19 қарсы вакцинасымен инесі бар пластырь жеткізілген деп мәлімдейді. Олар мектептерге әкелінген және балалар жасырын түрде егіледі екен. Мұның бәрі жалған.
Бүгінде әлемнің ешбір елінде мұндай технология мақұлданбаған және клиникалық сынақтардан тыс адамдарда қолданылмайды.
Қазақстанда да мұндай вакциналық пластырь жоқ. Оны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі растады.
"ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлеуметтік желілерде тараған инесі бар пластырь туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын және фейк екенін хабарлайды. Балаларды вакцинациялау оның заңды өкілдерінің ақпараттандырылған ерікті келісімімен ғана жүргізіледі. Сондықтан жалған (фейк) ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз, ресми дереккөздерден тараған ақпаратты ғана пайдалануға шақырамыз", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондықтан таралған хабарлама фейк. Елімізде вакцинасы бар пластырь жоқ, ал балалар мен ересектерді ақпараттандырылған ерікті келісімінсіз егу заңсыз.