Bugin
Фото: sportishka.com
Бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі компания елордада қоқыс шығарумен айналыспайды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
ҚазАқпарат мәліметінше, Әлия Назарбаевға тиесілі "СLEAN CITY NC" компаниясы қоқыс шығарумен айналысатын.
"Бұған дейінгі сұраққа "Әлия Назарбаеваның компаниясы Астанадан қоқыс шығармайды" деп жауап бердіңіз. Алайда мемлекеттік сатып алулар туралы сайтты ашсаңыз, онда 2023 жылы компанияның ондаған келісімшартқа қол қойғанын көруге болады. Демек, Әлия Назарбаеваға тиесілі компания әлі күнге дейін елордадан қоқыс шығарумен айналысып келе ме?", - деп сұрады тілшілер Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Экология министрі бұл деректі тағы бір тексеріп шығуға уәде берді.
"Мендегі мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта Әлия Назарбаеваға тиесілі компания қоқыс шығарумен айналысып жатқан жоқ. Қосымша мән-жайын білгіңіз келсе, сізбен жеке талқылауға дайынмын. Сіз айтқан деректерді де тағы бір тексеріп шығайын. Содан кейін министрліктің баспасөз қызметі арқылы жазбаша жауап берейік", - деді Экология министрі.